Үкімет басшысының кандидатурасы мен жалпы үкіметті бекітуде басты роль мәжіліске берілмек

"Ендігі жерде үкімет басшысының кандидатурасын, яғни, жалпы үкіметті бекітуде басты роль мәжіліске берілмек",- деді Н.Назарбаев.

Оның айтуынша, осыған байланысты "Конституцияның үкіметке арналған бөлімі өзгертілуге тиіс". "Мұндай өзгерістерге демократияландыру жөніндегі мемлекеттік комиссия мен оппозицияның ұсыныстары негіз болды. Соған сәйкес үкімет басшысын президент саяси партиялардың парламенттегі фракцияларымен ақылдаса келе, мәжіліс депутаттарының басым бөлігінің келісімімен тағайындайтын болады",- деді мемлекет басшысы. Оның нақтылауынша, "партиялық фракциялар тек мәжілісте ғана құрылады".

"Ең бір шешуші тұсы - үкіметті парламенттегі көпшіліктің ұйғарымымен қалыптастыру және жұмыс істеуі жөніндегі жаңа ережелердің енгізілуі болмақ",- деді Н.Назарбаев. Осыған сәйкес, президенттің хабарлауынша, үкімет басшысының конституциялық міндеті жаңадан сайланған мәжілістің алдына үкіметке сенім жүктеу немесе жүктемеу мәселесін қоюға саяды. "Үкіметтің құрамы үкімет басшысының ұсынысымен жасақталуға тиіс, өйткені, ол жеңген партиядан сайланып, парламент тарапынан сенімге ие болады",- деді президент.

Сонымен бірге мемлекет басшысы мемлекеттік қызметтің жоғары тиімділігін қамтамасыз ету және атқарушы биліктің іс-қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін үкіметтің тек президенттің ғана емес, сонымен бірге парламенттің алдында да жауапкершілік жүктеу тәртібін ұсынды. "Үкіметке сенімсіздік таныту үшін бұрынғыдай депутатардың үштен екісінің дуысы емес, қарапайым басымдығы қажет",- деді президент. "Егер үкімет парламенттегі көпшіліктің мүддесін айқындаса, онда сенімсіздік білдіруде квалификациялы көпшіліктің даусын жинаудың қажеті жоқ",- деді Н.Назарбаев.

Сонымен бірге оның айтуынша, "Конституцияда бүкіл парламент тарапынан үкіметке сенімсіздік білдіруге болатын екі жағдайды сақтап қалу ұсынылды. Біріншісі, үкіметтің бюджеттің орындалуы жөніндегі есебінің қорытындысы бойынша, немесе, екіншісі, егер үкімет басшысының өзі үкіметтің бастамасымен жасалған заңның қабылданбауына байланысты сенім жөнінде мәселе көтерген жағдайда".

Сонымен бірге парламент тарапынан жекелеген министрге сенімсіздік білдіру процедурасын жеңілдету ұсынылуда. "Мұндай құқыққа бұрынғыдай екі палата да ие болмақ. Бірақ, меніңше, жекелеген министрге сенімсіздік білдіру үшін тиісті палатаның квалификациялы емес, қарапайым басым дауысын жинаса жеткілікті болмақ",- деді мемлекет басшысы.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті