"2007 жылдың 11-қазанында мемлекет басшысы үкімет мүшелерімен өткізген жиналысында қажет болған жағдайда елдің әлеуметтік-экономикалық даму тұрақтылығын қамтамасыз етуге қатысты бірқатар қосымша тапсырмалар берді".
"Оларды жүзеге асыру үшін үкімет бірінші кезектегі іс-әрекеттер жоспарын әзірледі. Ол кеше үкімет отырысында мақұлданды",- деп мәлім етті Кәрім Мәсімов. Ол сондай-ақ, "аталмыш шаралар қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға бағытталатын болады", деп атап көрсетті.
Премьердің атап өтуінше, үкімет "мемлекеттік қолдаудың негізгі үш бағытын белгіледі". "Бұл: бірінші - құрылысқа үлес қосқан азаматтардың құқықтарын қорғау мен ипотекалық нарық тұрақтылығының төмендеуіне жол бермеу; екінші - шағын және орташа кәсіпорындарды қаржыландыруды тиісті деңгейде жалғастыру; үшінші - ел экономикасын әртараптандыру үшін маңызды, болашағы зор инвестициялық жобаларды қаржыландыру",- деді премьер.
Үкімет басшысы сонымен қатар, "мемлекеттік қолдау шаралары селективті болады, ал барлық процедуралар - айқын, ашық және транспарентті болады", деп атап көрсетті.
К. Мәсімовтың түсіндіруінше, аталмыш жағдайда "Қазына" қоры экономиканы әртараптандыру үшін маңызды, бірқатар болашағы зор инвестициялық жобаларды, сондай-ақ шағын және орташа бизнесті қолдауда негізгі мемлекет агенті болып табылады. Сөйтіп, оның пайымдауынша, "экономиканы әртараптандыруға бағытталған инвестициялық жобаларға қажетті қаржы ресурстары бөлінеді".
"Банктерден босатылатын қаржы 2007-2008 жылдары пайдалануға берілу қарастырылған, жартылай тоқтап тұрған несие желілерін, құрылыс нысандарын қаржыландыруға жұмсалады. Барлық қажетті жағдай екінші деңгейлі банктермен арнайы келісім-шарттарда қарастырылатын болады",- деді ол.
Сонымен қатар, премьер-министрдің хабарлауынша, үкімет үстіміздегі жылы "Қазақстан ипотекалық компаниясы" АҚ қаржыландыруды өсіреді. Бөлінетін қаржы банктерден ипотекалық несиелер мен коммерциялық бағдарламаларға қатысты талап құқықтарын сатып алуды өсіруге жұмсалатын болады. Казақстан ипотекалық компаниясы, банктер мен құрылыс салушылар арасында берілетін қаржыны мақсатқа сай пайдалану жөніндегі келісім жасалынады.
"Яғни, тұрғын үй құрылысына үлес қосушы азаматтар өздерінің үйлерінің мерзімінде салынатындығына сенімді бола алады",- деп атап көрсетті К. Мәсімов.
Үкімет сондай-ақ республикалық бюджет қаржысын шағын және орташа бизнес бастамаларын қолдауға жұмсамақ. Сондай-ақ К. Мәсімовтың пайымдауынша, "мемлекеттік қолдаудың осы бағытын банктердің мүмкіндіктерін ескере отырып, банктердің филиалдық желілері арқылы толық жүзеге асыру қажет".
"Яғни, коммерциялық банктер бұл жағдайда мемлекеттік қолдау агенттері болып табылады",- деп мәлім етті К. Мәсімов. Ол сондай-ақ "аталмыш бағыт аясында мемлекет үшін экономиканың басым секторында шағын және орташа бизнес жобаларын қаржыландыруға бағытталады", деп қосты.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті