"Экономиканың нақты секторына инвестициялар жұмсау қарқынын жеделдету үшін екінші деңгейлі банктер тарапынан жүзеге асыруға қызығушылық танытылып отырған инвестициялық жобалар бойынша берешекті қайта қаржыландыруды ұсынамыз", - деді Е. Орынбаев.
"Ол үшін мынадай схема ұсынылып отыр: екінші деңгейлі банктер Қазақстан Даму банкіне қаржыландыру тоқтатылған инвестициялық жобалардың тізімін ұсынады, ал банк ұсынылған жобалардың банк мақсаты мен міндеттеріне сәйкестігін қарай келе тізімді жасап, "Қазына" АҚ-ына ұсынады, ал "Қазына" өз кезегінде бұл тізімді мемлекеттік комиссияның қарауына ұсынады", - деді вице-премьер.
Қазақстан Даму банкіне арналған қаржы "несие түрінде жылдық 2% өсіммен бөлінеді, ал ол өз кезегінде екінші деңгейлі банктің несиелік берешектерін қайта қаржыландыруға және инвестициялық жобаларды одан әрі қаржыландыруға жұмсалады".
"Бұл орайда бір шарт қойылады : үкімет, "Қазына" қоры мен екінші деңгейлі банк арасында бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуы жөніндегі келісімге қол қойылуға тиіс", - деді Е. Орынбаев.
Оның айтуынша, бұл бағыт бойынша 2007 жылы "Қазынаның" капиталын ұлғайтуға қажетті деңгей $200 млн құрамақ.
Үкімет шағын және орта бизнесті екінші деңгейлі банктер арқылы қаржыландыру үшін "шағын және орта бизнесті дамытуға арналған бағдарламалардың аясын кеңейтуді және оларды мейлінше пәрмендендіре түсуді ұсынып отыр". Қолдауды Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы жүзеге асыру ұсынылған.
Е. Орынбаевтың айтуынша, мынадай қолдау схемасын бекіту ұсынылып отыр: "Қазына" аталған қорға жылдық 2% өсіммен несие береді, ол өз кезегінде бұл қаржыны әріптес-банктерге 8% өсіммен таратады. Ал банктер шағын және орта бизнес субьектілерін жылдық 12 проценттік өсіммен қаржыландыруға тиіс. Несие 7 жыл мерзіммен беріледі", - деді вице-премьер.
Е. Орынбаевтың ақпаратына сәйкес, бұл бағыт бойынша "Қазына" қорының капиталын ұлғайтуға қажетті қаржы 2007 жылы 400 млн долларды құрайды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті