Үкімет мемлекет қарыздарын басқару саласындағы жұмыстарын күшейтуі қажет -Есеп комитеті

"Мемлекеттің қарыздарын тиімді басқару мәселелері де елеуге тұрарлықтай. Қазір Есеп комитетінің ұсыныстарын жүзеге асыру жолында үкімет мемлекеттік және сыртқы қарыздарды басқару концепциясы қабылдады. Соған қарамастан, республиканың жалпы сыртқы қарызы, 2006 жылмен салыстырғанда, 2007 жылы 30,2%-ға, немесе 96,4 млрд. АҚШ долларына дейін өсті",- деді О.Өксікбаев.

Оның пікірінше, бұған дүниежүзілік қаржы нарығында қалыптасқан жағдайда өз әсерін тигізіп отыр. "Осындай жағдайда үкімет мемлекет қарыздарын басқару саласындағы жұмыстарын күшейтуі қажет деп санаймыз. Әсіресе ұлттық компаниялармен қаржы инстиуттарының қарыздарының нақтылығын зерттеу қажет",- деді Есеп комитетінің төрағасы.

2007 жылы республикалық бюджеттің тапшылығы жалпы ішкі өнімге 1,7 пайыз деңгейінде қалыптасты және 212,5 млрд. теңгені құрады.

Бірақ, өткен жылдардың тәжірибесіндей, бюджет дефициті қаржыландыру ішкі (176 млрд. теңге) және сыртқы (13 млрд. теңге) қарызға алудың есебінен жалғастырылды. Бұл жылдың қорытындысы бойынша, 21,6 млрд. теңге бос қаражат қалдығы пайда болуына алып келді.

Сонымен қатар, Есеп комитетінің ағымдағы жылы Қаржы министрлігінде жүргізген бақылауы - 2007 жылдың басында қалыптасқан 11,5 млрд. теңге республикалық бюджеттің бос қаражат қалдығын есепті жылы тиімді пайдаланбағанын анықтады.

"Аталған фактілер мемлекет қаражатын басқарудың бұдан да тиімдірек құралдарын қолдану қажеттігін көрсетіп отыр. Бұл бағытта Бюджет кодексінде керекті механизмдер толық қаралған",- делінген комитеттің қорытындысында.