Экономикалық интеграция істері министрі Жанар Айтжанова: «22 маусымда Женевада жұмыс тобының ақырғы отырысы өтті, оның қорытындысы бойынша Қазақстанның ДСҰ-ға мүшелігі шарттарын анықтау бойынша келіссөздерді аяқтау туралы ресми жарияланды», - деп мәлімдеді.
Министрдің мәліметінше, келіссөздер төрт бағыт бойынша жүргізілді. Олар - ауыл шаруашылығын қолдау, жүйелік мәселелер, қызмет көрсету және тауарлар нарықтарына қолжетімділік.
«Соңғы 5 жыл бойы жалғасқан келіссөздер нәтижесінде Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы құнының 8,5% көлемінде ауыл шаруашылығына мемлекеттік қолдау көрсету мүмкіндігін сақтап қалды. Ал, негізі ДСҰ елдері үшін стандартты мөлшерлеме 5 %-ды құрайды», - деп баса айтты Ж.Айтжанова.
Аталған қолдау Үкіметке «Агробизнес-2020» бағдарламасын жүзеге асыру аясында жыл сайын АӨК-ке көмек көрсетуге мүмкіндік беретініне сенім білдірді. «АӨК жалпы өнімінің болашақта өсуі кезінде сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласын дамытуға арналған қолдануға рұқсат етілген мемлекеттік дотацияның көлемі артады», - деп толықтырды Ж.Айтжанова.
Министр сондай-ақ, тауарларға кедендік әкімшілік ету аспектілері, ДСҰ мен ЕАЭО талаптарын үйлестіру, экономикалық қызметтің түрлі салаларындағы өтпелі кезеңдердің шарттары туралы баяндады.
Отырыста сондай-ақ, орталық мемлекеттік органдар басшылары сөз сөйледі, олар салалық нормативтерді ДСҰ талаптарына сәйкес келтіру, заңнамалық базаны қалыптастыру бойынша шаралар туралы мәлімдеді.
Талқылау қорытындысы бойынша премьер-министр мүдделі мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырмалар берді.