Үкімет пен екінші деңгейлі банктер арасындағы әріптестік жөніндегі келісімнің шеңберіндегі бюджет қаржысын жұмсауда қиянатшылыққа жол берілмейді - Келімбетов

"Бұл қаржыны пайдаланудағы тәуекелдер екінші деңгейлі банктерге жүктелген, ал олардың мақсатты пайдаланылуына бақылау қою мәселесіне келсек, құрылыстарды салып бітіруді қаржыландыру бойынша Астана қалалық әкімдігіне, шағын және орта кәсіпкерлікті несиелендіру бойынша бақылау функциясы Шағын және орта бизнесті дамыту қорына жүктеледі", - деді Қ. Келімбетов.

Сонымен бірге, оның айтуынша, бюджеттен бөлінген қаржының мақсатты пайдаланылуын қадағалауды Қаржы министрлігінің қаржылық бақылау қызметтері де жүзеге асырады.

"Яғни, мемлекет қаржысын пайдалануға мониторинг жүргізудің өте қатаң жүйесі құрылады", - деді Қ. Келімбетов.

"Бұл жерде қаржыға қол сұғушылыққа қатысты қандайбір оқиға болуға тиіс емес деп ойлаймын, өйткені, аталған қаржыны пайдалануға қатысты барлық шешімдер нарықтық үрдіске сай ашық болады және оларды нарықтық субьектілер қабылдайды, сол себепті сыбайлас жемқорлықтың туындауына бұл жерде мүмкіндік жоқ", - деген сенімде қор басшысы.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, бүгін Астанада үкіметтің атынан ҚР қаржы министрлігі мен Астана әкімдігі, "Қазына" ТДҚ, "Қазақстан ипотекалық компаниясы" АҚ және екінші деңгейдегі банктер арасында серіктестік жөнінде келісімге қол қойылды.

"Қазына" ТДҚ" АҚ-ның басшысының хабарлауынша, үлеспен салынатын құрылыс пен шағын және орта бизнес субьектілерін дамыту үшін бюджеттен бөлінетін қаржы үкіметпен әріптес банктерге осы аптаның аяғы мен келесі аптаның басында түседі.

Қ. Келімбетов мемлекет басшысының "Астанадағы тұрғын үй нысандарының құрылысын аяқтауға фонд құру, шағын және орта бизнесті қолдау, сондай-ақ, индустриялық және инфрақұрылымдық нысандарды қайта қаржыландыруға $4 млрд бөлу жөнінде шешім қабылдағанын еске салды. "Осы жылдың аяғына дейін бұл мақсатқа $1 млрд көлемінде қаржы бөлінеді, бұл қаржы барлық бағыттар бойынша мынадай арақатынаста бөлінеді: $400 млн Астанадағы құрылыс нысандарын аяқтауға, $400 млн -шағын және орта бизнесті қолдауға, $200 млн -индустриялық нысандарды қайта қаржыландыруға бағытталады", - деді ол.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті