ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов кезектен тыс Президент сайлауына бөлінген қаражат қайда жұмсалатынын түсіндірді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
«Жалпы, сайлауды өткізуге 20,5 млрд теңге көзделген. Бұл қаражат қазіргі уақытта бекітілді. Үкімет резервінен қаражат бөлініп жатыр.
Оның негізгі бөлігі - 16,8 млрд теңгесі немесе 80 пайыздан астамы жалақы төлеуге жұмсалады. Жергілікті жерлерде сайлау учаскелері құрылады, олардың мүшелері болады. Және де жалақының мөлшері ең төменгі үш айлық көлемінен аз болмау тиіс. Ол 180 мың теңгені құрайды. Яғни, бөлінген қаражаттың басым бөлігі жалақыға жұмсалады», - деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Сонымен қатар ол аталған қаражат бюллетень шығаруға, көлік шығыстарын жабуға жұмсалатынын айтты.
«Бәрін қосқанда 20,5 млрд теңге шығады. Қаражат негізінен Орталық сайлау комиссиясына беріледі. Қателеспесем, бір бөлігі Сыртқы істер министрлігіне бағытталады», - деді Ержан Біржанов.