Үкімет президент тапсырмаларын орындауға дереу кірісті

Министрлер мен облыс әкімдері Ақордадан шыққан бойда президент айтқан шаруаға белсене кіріскендерін көрсетуде.Алдағы бір ай ішінде «Нұрлы жол» бағдарламасына өзгерістер енгізілмек. Ресей рублінің құлдырауына байланысты, тұрғындар көрші елден жаппай арзан тауар тасымалдауда. Салдарын қазір отандық кәсіпорындар көріп жатыр. Бұл ретте, мемлекет алдымен машина құрастыру зауыттарына қолдау көрсетпекші. Тағы бір айта кетерлігі  - биыл жаңа инвестициялық жобалардың көбі  қысқарады.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:

-Әр теңгені үнемдеуге кірістік. Үкіметке осындай міндеттер қойылып отыр. Қаржы министрлігінің құрамында арнайы жұмыс тобы бар. Олар жаңа инвестсжобаларға кеткен шығын салығын қайтарып берумен жұмыс істейтін болады.

Елбасының тапсырмасынан кейін дереу іске кіріскендердің бірі Ұлттық банк. Президент бүгін бас банкирге теңге бағамының күрт ауытқуына жол бермеуді міндеттеді. Қайрат Келімбетов те ұлттық валютаның әзір нық тұратынына сендіріп отыр.

Қайрат Келімбетов, ҚР Ұлттық Банк төрағасы:

- Ұлттық Банк  теңге бағамына күрт өзгеріс жасамайды.  Егер капиталдың сыртқы нарығында өзгерістер болса, онда Ұлттық банк те бір сәтте «есеңгіретерлік» девальвацияға жол бермейді. Өйткені, елімізде қор жеткілікті.

Президент айтқан тағы бір мәселе  - арзан баспана салу. 180 миллиард теңге бөлінетін арендалық пәтерлердің құрылысы басталып кеткенін Үкімет бүгін қуана хабарлады. Сөздеріне сенсек, жуырда мыңдаған отбасы жалдамалы пәтерлеріне кіреді. Сондай-ақ, бүгінгі кеңесте Нұрсұлтан Назарбаев, ірі компаниялардан жұмысшылар мен олардың жалақсын қысқартпауды талап етті. 

Loading...