ҮКІМЕТ ҚАЙДА ҚАРАП ОТЫР: Елбасы сынаған бюджеттік қаржының дұрыс игерілмеуі, сыбайлас жемқорлық, көлеңкелі экономика көріністері Батыс Қазақстан облысында да орын алып отыр

Атап айтқанда, 30 қазан күні облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өткен кеңесте облыстық қаржы басқармасының басшысы Айгүл Салахатдинова өңірде тоғыз айда 3784,9 млн. теңге игерілмегендігін мәлім етті. Соның ішінде энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы 478,5 млн. теңге, ауыл шаруашылығы басқармасы 374,7 млн. теңге, Орал қаласының әкімдігі 1257,1 млн., Бөрлі ауданының әкімдігі 511,9 млн. теңге, Бөкей ордасы ауданы әкімдігі 89,8 млн. теңге бюджет қаражатының игерілмеуіне жол берген. Сонда аталмыш сала басшылары, оларды бақылаушы органдар осы кезге дейін қайда қараған?!

Аталмыш жиында облыс басшысы атап өткеніндей, кемшіліктен қорытынды шығарып, қаржы-экономикалық қызметті шұғыл жақсарту қажет. Әсіресе, бөлінген қаржының, соның ішінде бірінші кезекте республикалық бюджет трансферттерін уақтылы да тиімді игеру, салық салу базасын кеңейту керек. Бұл ретте облыстық салық департаменті мен оның аудандық бөлімшелері де белсендірек жұмыс жасауы тиіс. Бұл ең алдымен бюджеттерінің кіріс бөліктеріне түсімдері бір деңгейде қалып отырған Бөрлі, Тасқала, Қазталов, Жаңақала аудандарына қатысты.

Өңірде түрлі сала басшыларының қызметін, олардың жең ұшынан жалғасып, сыбайлас жемқорлыққа бармауын бақылауда тізгіннің бос жіберілгені байқалады. Облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті сыбайлас жемқорлық және лауазымдық қылмыстар бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу басқармасының бастығы Амантай Рашқалиевтің айтуынша, биылғы тоғыз айда сыбайлас жемқорлық қылмысы 13 пайызға өскен. Соның ішінде сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны үшін облыста бес бірдей мемлекеттік мекеменің бірінші басшылары жауапқа тартылуда. Мәселен, «БҚО жер қатынастары басқармасы» ММ басшысы Ғ.Жанғалиевке қатысты қылмыстық іс тергелуде болса, «Малдәрігерлік бақылау және қадағалау комитеті Батыс Қазақстан аймақтық инспекциясы» ММ басшысы С.Қанатбаевқа қатысты қозғалған қылмыстық іс сотқа жолданды. Ол іссапар шығындарын өтеу үшін бөлінген бюджет қаражатын қымқырды деп айыпталуда. Денсаулық сақтау саласында да бірқатар мекеме басшылары қызметтік өкілеттіктерін пайдаланып, қылмысқа барған. Соның бірі Зеленов аудандық ауруханасының директоры мекеменің есепшілерімен алдын ала ымыраласып, 4,2 млн. теңге көлеміндегі бюджеттік қаражатын «жұтып қойған». Сонымен қатар «Жұмыспен қамту - 2020», «Саламатты Қазақстан» бағдарламалары бойынша бөлінген бюджеттік қаржының игерілуі бойынша лауазымды тұлғалар жасаған 5 қылмыс анықталып отыр.


Парақорлыққа барғандар арасында да мемлекеттік қызметкерлердің жиі кездесетіні жасырын емес.

Аталмыш департаменттің экономикалық қылмыстар бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу басқармасының бастығы Сәкен Дәлиевтің сөзіне қарағанда, тоғыз айда 210 экономикалық қылмыс ашылған, бұл өткен жылғыдан 50 фактіге көп. Соның ішінде мұнай және мұнай өнімдерімен заңсыз айналысу саласында 23 қылмыстық іс қозғалған. 759 млн. теңге тұратын 41 мың тоннаның заңсыз айналымы анықталған, 8 млн. астам теңгелік 545 тонна мұнай, 11 млн. астам теңгелік 90 тонна мұнай өнімдері тәркіленген. Жалған кәсіпкерлік бойынша 1 млрд. 627 млн. теңге мөлшерінде зиян келтірген 30 қылмыстық іс қозғалған.

Қазіргі кезде БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бұрынғы басшысы М.Оңдағанов пен оның «серіктестерінің» ісі қаралып жатқаны белгілі. Оларға ұзақ уақыт бойы қылмыстық топ құрамында бюджеттен 170 млн. теңге қымқырды деген айып тағылуда. Сотта спорт саласының қызметкерлері, мекеме басшылары, жаттықтырушылар М.Оңдағановқа қаржыны қалай жинап бергендіктерін айтуда. Сот түпкілікті шешімін әлі шығарған жоқ. Алайда бұл саланы қадағалаған басшылар осыншама уақыт бойы қайда қараған деген ой келеді.