Үкімет сағатында Экономикалық интеграция істері министрі Жанар Айтжанованың жасаған баяндамасы

«ДСҰ аясындағы келіссөздердің маңызды бөлігі Қазақстанның мұнай, газ және тау-кен өнеркәсібінде жұмыс істеп жатқан инвесторлармен қол қойылған келісімдеріндегі отандық тауарларды сатып алу талабы бойынша жүргізілуде. Бүгінгі таңда мұнайгаз және тау-кен саласында 564 инвестициялық келісімшартқа қол қойылған болатын, осы келісімшарттардың шеңберінде шетелдік және отандық инвесторлар өздерінің міндеттемелерін жүзеге асырып жатыр. Осы бойынша сатып алынатын қазақстандық тауарлардың орташа есептегі көлемі 13 пайыз шамасында болып табылады», дейді министр Ж. Айтжанова.

Министрдің айтуынша, аталған келісімшарттар негізінде қазақстандық өндірушілер жеңілдіктерді пайдалануда. «Бұл жеңілдіктерді сақтап қалу бойынша біз 2020 жылға дейін оны мемлекет тарапынан қолдану үшін келіссөздер жүргізіп жатырмыз», - деді министр.

ДСҰ аясындағы ауыл шаруашылығы субсидияларына қатысты келіссөздер күрделі күйінде әлі де жалғасып жатыр. 

Баяндама барысында министр Үкімет тарапынан ауыл шаруашылығы субсидияларына қатысты өте күрделі келіссөздер әлі жүргізіліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда Үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндеттердің бірі бұл болашақта ауыл шаруашылығын дамытуға мүмкіндік беретін мемлекеттік субсидиялардың жеткілікті көлемі туралы келісімге қол жеткізу болып табылады. «Осы ретте ДСҰ талаптары бойынша ауыл шаруашылығы саласының институционалдық дамуына және ауыл инфрақұрылымына салуға бағытталған мемлекет тарапынан берілетін субсидияларды немесе көмекті шектеусіз жүзеге асыра алатынын айту қажет. Бүгінгі күні бұл көмектің мөлшері 47,4 млрд. теңгені құрап отыр. Бұл ДСҰ-ға өткеннен кейін де мемлекет тарапынан еш шектеусіз артыла береді», деді Ж. Айтжанова.

Оның сөзіне қарағанда қазіргі келіссөздер барысында отандық және ауыл шаруашылық тауарлар бағасы мен өзіндік құнына әсер ететін субсидиялар көлемі талқыланып отыр. Аталмыш шараларға жанармай құнының, асыл тұқымды өнімнің және минералдық тыңайтқыштардың бағасын арзандатуға бағытталған субсидиялар және пайыздық ставкалары жеңілдетілген агронесиелер секілді мемлекеттік көмектер жатады. «Мұндай субсидиялар аясында біздің келіссөздеріміз әлі жалғасып жатыр. Жалпы ауыл шаруашылығы саласындағы келіссөздер Үкіметтің «Агробизнес-2020» бағдарламасында қарастырылған субсидиялар шеңберінде жүргізіліп отыр. Бұл келіссөздердің нәтижесі Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік дамуына аса маңызды. Өйткені халқымыздың жартысы ауылдық жерлерде тіршілік етіп жатыр», -деді Ж. Айтжанова.

ДСҰ-ға өткеннен кейін елімізде байланыс қызметі төмендеп, шетелдік банктер филиалдары көптеп ашыла бастайды. 

«Қазақстанның ДСҰ-ға өткеннен кейінгі 2,5 жылдан соң, яғни өтпелі кезеңнен кейін қалааралық және халықаралық байланыс қызметін көрсететін телекоммуникациялық компаниялардағы шетел капиталы үлесінің 49 пайыз мөлшеріндегі шектеуі қолданылмайтын болады. Осылайша, бұл салаларда шетелдік телекоммуникациялық компаниялар тарапынан салынатын инвестицияларға жол ашылады. Сонымен бірге, «Қазақтелеком» компаниясындағы шетел капиталының мөлшері 49 пайыздан аспауы туралы шектеу ДСҰ кіргеннен кейін де ары қарай мемлекет тарапынан қолданыла беретін болады», - дейді министр Ж. Айтжанова.

Министрдің айтуынша, Қазақстан ДСҰ өткеннен кейінгі бес жылдан кейін шетел банктері мен сақтандыру компаниялары біздің елімізде өздерінің тікелей филиалдарын ашуға мүмкіндік алады. «Өз кезегінде Қазақстан қаржы нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында шетел қаржы компанияларына арнайы міндетті талаптарды қоя алады. Мәселен, шетел банктері мен сақтандыру компанияларына ең төмен активтерінің мөлшерін және тұрғындардан тартылатын депозиттердің ең төмен мөлшерін мемлекет өзі бекітеді», - дейді министр.


Оның айтуынша, жоғарыдағы шаралар телекоммуникациялық және қаржы салаларындағы либеризациялау жоспарының нәтижесінде қызметтердің сапасының артуына, салаларға шетелдерден келетін инвестицияларға жол ашуға және тұтынушылар үшін қолданылып отырған бағалардың төмендеуіне мүмкіндік береді.

Министр Жанар Айтжанованың командасы ДСҰ аясында 11,5 мыңнан астам келіссөздер өткізді.

Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында палата төрағасының орынбасары Қабиболла Жақыпов Экономикалық интеграция істері министрі Жанар Айтжанова туралы осылай деді.

«Біздің Үкімет те, ондағы жігіттер де қызық: мынадай алпауыт ДСҰ секілді дүние нарығының акуласына қарсы бар-жоғы біздің бес қызымызды жіберіпті. Жанар Сейдахметқызы басшылық ететін осы команданың құрамындағы бесеуі де «болашақтықтар». Маған белгілісі, осы уақытқа дейін ДСҰ шеңберінде он бір жарым мыңнан астам келіссөздер жүргізілді, хаттамаларға қол қойылды, кездесулер болыпты. Қазіргі таңда бұл үдеріс те аяғына тақап қалған секілді. Дегенмен, шет елдерге шығып жүрген кездері осы командаға қатысты барлық қолдауларды жасап жүрсеңіздер», - деді вице-спикер.

Осы ретте депутат Қ. Жақыпов ДСҰ аясындағы келіссөздер аяқталып та қалғанын айта кетті.

ДСҰ өткеннен кейін Қазақстанға технология саласының жоғары сұранысқа ие мамандары квотасыз келе алады. Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында Экономикалық интеграция істері министрі Жанар Айтжанова осылай мәлім етті.

Тоқтала кететін жайт, депутат Шалатай Мырзахметов жиын барысында Қазақстан ДСҰ-ға енгеннен кейін шетелдік мамандар еңбек нарығына кеңінен еніп кетпей ме, деген қаупін алға тартқан болатын. «Шындығында шетелдік жұмыс күші аз емес. Тіпті кейбір компаниялардың маңызды басшылығында да солар отыр. Бұл ДСҰ аясында одан сайын артып, біздің жастарымыз жұмыссыз қалмай ма?», деді депутат.

Өз кезегінде министр Қазақстан заңнамасына сәйкес, шетелдік жұмыс күшіне квота қарастырылғанын атап өтті. «Ағымдағы жылы экономикалық белсенді халықтың санынан 1.2 пайыз деңгейінде квота бекітілген болатын, яғни, 108 мың шетелдік жұмысшылар Қазақстанға квота арқылы келе алады. Алайда, 2012 жылы олардың 25 пайызы елімізге келген жоқ. Ал ДСҰ өткеннен кейін біз аса жоғары технологиялық салаларда қажетті мамандарды квотасыз тартатын боламыз. Бұл жұмыс тобының анықтамасы бойынша тек жоғары білікті әрі арнайы дипломы бар шетелдіктер, инженерлер, сосын Қазақстанда тапшы мамандарға қатысты квотаны қолданбайтын боламыз. Біз біліктілігі төмен санаттағы шетелдік еңбекшілердің елімізге келуі туралы ДСҰ аясында ешқандай міндеттеме алған жоқпыз», деді министр. Оның айтуынша, жұмыс күштеріне қатысты квота ары қарай да қолданыла беретін болады.