Үкімет шетелден көлік әкелуге шектеу қойды

Рубль құлдырғанда жұрт Ресейге ағылып арзан көлікті қос-қостан сатып алған. Тіпті көшелер орыстың машинасына толып кеткен еді. Пысықтары үлгерді, асықпай әліптің артын бағып жүргендер енді дымсыз қалды. Себебі, Үкімет Еуро-4 стандартын қайта енгізіп, құрастырылғанына 7 жылдан асқан машиналарды шекарадан өткізуге тыйым салып жатыр.

Серік Рақымов, ҚР Инвестиция және даму министрлігінің басқарма жетекшісі:

-Еуро-4-ке  сәйкес, ел аумағына кіргізілетін көліктер негізгі 4 талапқа сай болуы тиіс.  Қауіпсіздік көпшігі жан-жағында, ал тегежіш жүйесі жаңа болуы қажет. Әрі шамдары автоматты түрде қосылатын, мұнымен қоса балалар орындығы бекітілетін тетіктері болуы міндет.

Бұл тыйымның бірінші кезекте Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерге қатысы бар. Яғни Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Армениядан  2007 жылдан төмен көлікті кіргізуге рұқсат жоқ. Осылайша, шенеуніктер отандық зауыттарды қолдау үшін импортқа шектеу қойып отыр. Алайда, сарапшылар «Қазақстанда жасалған» автомобильдерге сұраныстың арта қоярына сенбейді. Десек те, жаңа ережеден үміттері де жоқ емес. Оған қоса нарықтағы ескі көліктер құны қайта шарықтап кетпесе де, аздап көтерілуі мүмкін дейді мамандар.


Эдуард Эдоков, Тәуелсіз көлік жүргізушілері одағының төрағасы:

-Жұрт шектеу болмай тұрып, керек көлігін кіргізіп алды. Дегенмен Қазақстан үшін бұл жаман болмайды деп ойлаймын. Енді еліміге су жаңа көліктер келе бастайды. Сөйтіп ескі темір тұлпарлар нарықтан өзі шығып қалады.

Жаңа талапты қайта енгізген шенеуніктер осы арқылы экологияны тазартамыз деп отыр. Алайда, Еуро-4 стандартына сәйкес көліктерге құятын бензин атымен жоқ. Отандық мұнай өңдеу зауыттары бұл үдеден шығатын сапалы жанармайды тек 2016 жылдан өндіре бастамақ.

Осылайша, Үкімет 1-ші қаңтарда Еуразиялық экономикалық одақ құрылғанда, ескі көліктерді тасуға рұқсат беріп, арада 4 ай өткенде, сол жеңілдігін қайтып алды. Бұл банкротқа ұшыраған отандық машина құрастыру зауыттарын құтқарудың амалы екенін шенеуніктер жасырмайды. Шектеудің бір алынып бір  енгізілетінін ескерсек, бұл жолғы тыйымның қашанға дейін созылары белгісіз.

Loading...