Үкімет, Ұлттық банк пен Қаржылық бақылау агенттігі қаржылық тұрақтылық мәселелері жөніндегі меморандумға қол қойды

"Осындай меморандумды әзірлеу қажеттілігі Елбасының Қазақстан халқына 2005-2007 жылдардағы жыл сайынғы жолдауларын және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007-2009 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру жөніндегі негізгі бағыттардың (іс-шаралардың) жалпыұлттық жоспарымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің 2007-2009 жылдарға арналған ақша-кредит саясатының негізгі бағыттарымен айқындалды",- делінген бас банктің хабарламасында.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, меморандум қаржы тұрақтылығының негізгі қағидаттарын, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тараптардың әрқайсысының қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттері мен ролін, ақпараттық өзара іс-әрекет жасау рәсімдерін, сондай-ақ жүйедегі дағдарыстардың теріс әсер етуін төмендетудің қағидаттары мен тетіктерін айқындайды.

Атап айтқанда, Үкімет, Ұлттық банк және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі мемлекеттік қолдау көрсетудің қағидаттары және қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік реттеудің өзге де құралдарын қолданудың рәсімдері туралы уағдаластыққа қол жеткізді. Сонымен бірге Ұлттық Банктің соңғы сатыдағы кредитор ретінде заемдар берудің салыстырмалы оңтайлы базалық талаптары туралы; осы тетікті пайдалануда тиісті шарттар мен қажеттілік туындаған жағдайда екінші деңгейдегі банктердің "проблемалық" активтерін басқару мәселелеріне Қазақстан Республикасы Үкіметінің қатысуының орынды екендігі туралы келісілді.

Сондай-ақ қаржы тұрақтылығы индикаторларының жүйелі мониторингінің қажеттілігі айқындалды, мұнда Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі үйлестіруші орган болып табылады.

"Көрсетілген құжатқа қол қоюдың тиімділігі 2007 жылдың басында айқындалғандығын атап өткен жөн. Меморандумның қорытындысы қаржы нарығының жұмыс істеу талаптарын қатаңдандырудың әсері болып табылмайды, мемлекеттік органдардың ұзақ мерзімді перспективадағы өзара іс-әрекеттерінің сапалы деңгейін қамтамасыз етуге және қаржылық қатынастар субъектілерінде қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясаттың бағыттарын құруға арналған негіз ретінде қаралады",- деп атап өткен баспасөз қызметі.

Мемлекеттік органдар Меморандум аясында әлуетті қауіптер мен тәуекелдерге барабар қаржы жүйесінің тұрақтылығын қолдау тетіктерін жетілдіру жөнінде одан әрі жұмыс жүргізеді.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті