Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация желісін құру президенттің Қазақстан халқына жолдауын іске асыру аясында іске асырылады. Экономикалық саясат жөніндегі кеңестің шешіміне сәйкес және үкіметтің тиісті қаулысымен Қарағанды облысында Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация құрудың ілкі жобасы жүзеге асырылуда. Мұнда "Сарыарқа" "Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" АҚ құрылды. Қоғамның жарғылық қорына үкімет резервінен 284,4 млн. теңге бөлінді. Биылғы жылдың соңына дейін еліміздің өңірлік даму институттары болатын жеті корпорация құрылуы керек. Олар "Самұрық" холдингі және бюджеттік даму бағдарламалары, даму институттары көмегімен жүзеге асатын әрі орталықта қалыптасатын индустриялық-инновациялық стратегияның нақты орындалуын реттейтін болады.
Мемлекет Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына коммуналдық меншіктің бағаланбаған активін, тиімсіз жұмыс істейтін кәсіпорындарды, сондай-ақ аудан мен облыс көлеміндегі жер телімі мен инфрақұрылымды береді. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қызметінен түскен кіріс өңірдің әлеуметтік қажеттілігіне жұмсалатын болады.
Ақпаратты тыңдай келе, үкімет басшысы индустрия және сауда министрлігіне, энергетика және минералды ресурстар министрлігіне және Қарағанды облысының әкімдігіне Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар құрылымын ұйымдастыруды бір ай мерзімде анықтауды, қызметкерлер құрамын жасау мәселесін нақты әзірлеуді, Қарағанды облысында іске асырылуы мүмкін инновациялық-инвестициялық жобаларға талдау жасауды тапсырды.
Әкімдікке облыстағы кен орындарының, табиғи ресурстардың тізбесін жасау және оларды іске асыруға мораторий енгізу ұсыныс етілді. Бұдан басқа, инфрақұрылым мәселесін, көлік логистикасын, өңірлік және жергілікті басқару органдары мен жекеменшік секторды қатыстыру көзқарасы тұрғысынан ауыл шаруашылығы саласындағы жағдайды зерттеу міндеті жүктелді.
Тапсырманың орындалуы туралы ақпарат бір айдан соң үкіметте тыңдалатын болады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті