Үкіметте "Мақта саласын дамыту туралы" заң жобасына қатысты жұмыс тобы құрылады

"Қазақ мақта қауымдастығының" мүшелері министрмен кездесуде "Мақта саласын дамыту туралы" заң жобасына (бұрын бұл заңның жобасы "Мақта туралы" деп аталған) қатысты өз наразылықтарын білдірді. Олардың пікірінше, заң жобасы қазіргі күйінде қабылданған жағдайда мақта кластерін дамытуға кедергі келтірмек.

Атап айтсақ, қауымдастық мүшелері шикі мақтаны мақта талшықтарына айналдырып алғашқы сатылы өңдеуге лицензия беру туралы ережемен келіспейді. Олардың пайымдауынша, бұл ережені енгізу мақта компанияларын қосымша шығындарға ұшыратады. Ақырғы нәтижесінде ол мақта өсірушілердің мойнына жүктеледі дейді олар. "Шикі мақтаны алғашқы сатылы өңдеу адамдардың денсаулығына әсер етпейді, қоршаған ортаға залал-зардабын тигізбейді. Осыған байланысты лицензия берудің қажеті жоқ",- деді қауымдастықтың атқарушы директоры Сайын Бақтыбаев.
Сонымен бірге мақта компанияларының басшылары мақта өңдеушілердің шикі мақтаны талшыққа айналдырып алғашқы сатылы өңдеуге жатпайтын басқа кез-келген кәсіпкерлік іс-қызмет түрлерімен айналысуға заң жобасында тыйым салынуына қарсылық білдіреді.
Сонымен бірге олардың пікірінше, мақта компанияларына кепілдік беруге және өз мүлкін үшінші жақтың міндеттемелері бойынша кепілге қоюға тыйым салу жеке меншік компаниялардың жаңа тоқыма кәсіпорындарын салуға инвестиция жұмсауды доғаруына және қазіргі бар кәсіпорындардың дамуы тежелуіне алып келеді.
Кәсіпкерлер заң жобасын ҚР ауылшаруашылығы министрлігінде жасау барысында жұмыс тобына мақта компаниялары мен мақта өсірушілерден өкілдер шақырылмауына наразылық білдірді.
Көптеген пайым-тұжырымдармен келіскен Қ.Келімбетов заң жобасын қарау үшін үкіметте жұмыс тобы құрылатынын, оған барлық құрылымдардың өкілдері енетінін хабарлады. Министрдің пікірінше, "Мақта саласын дамыту туралы" заңда мақта өсірушілер мен оны өңдеушілердің мүддесі бірдей ескерілуге тиіс.