Үкіметте мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған іс-қимыл жоспары жан-жақты талқыланды

Талқылау барысында елімізде мемлекеттік тілді дамытуды қарастыратын барлық аспектілер бойынша әзірленген бағыттар сөз болды. Олардың қатарында - тілді Қазақстанның барлық азаматтарын біріктіретін символ ретінде насихаттау, іс қағаздарын мемлекеттік тілге жүргізуге көшіру, мемлекеттік тілді меңгерген мемлекеттік қызметшілер арасынан қазақ емес ұлт өкілдерін материалдық ынталандыру, мемлекеттік тілді оқытып-үйретуге арналған оқу құралдары мен әдістемесін әзірлеумен айналысатын білім беру нысандарына қолдау көрсету, мамандар әзірлеу, қазақ тілінің терминологиялық және технологиялық базасын дамыту мәселелері кеңінен талқыланды.

Сондай-ақ кеңесте мемлекеттік тілді оқыту дәрістерін ұйымдастыру жөніндегі орыс және славян бірлестіктері мен өзге ұлттық-мәдени орталықтарға қолдау көрсету мәселесі қаралды. Мемлекет басшысының тапсырмасына байланысты барлық мәселелер Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер енгізуді қажет етеді.

Бұрын хабарланғандай, үкіметтің өткен жолғы кеңесінде үкімет басшысы Даниал Ахметов төрағалық жасайтын мемлекеттік тіл саясатын алдағы уақытта жетілдіру жөнінде Арнайы комиссия құрылды. Даниал Ахметов А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Көбей Хұсайынды Арнайы комиссия төрағасының орынбасары етіп бекітті.

Бұдан басқа, комиссия жұмысын тиімді үйлестіру үшін үш секция құрылды. Олар - нормативтік-құықтық, ғылыми-білім беру және терминологиялық-ономастикалық секциялар. Арнайы комиссия құрамына ғалым-сарапшылар мен мемлекеттік органдардың басшылары енді.

Үкімет басшысы секция жетекшілеріне 5 қарашаға дейін нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеуге және 2007 жылға арналған республикалық бюджетті парламентте қарау қарсаңында шығыстарды енгізу үшін қажетті қаржыландыру көлемін анықтауға тапсырма берді.

Кеңеске қатысушылар бүгінгі талқылау барысында ұзақ мерзімге арналған іс-шараларға да тоқталып өтті. "Мерзім маңызды емес, тұжырымдамалық көзқарас маңызды. Толықтай алғанда, бағдарламаны сапалы орындау осыған байланысты", деп атап көрсетті премьер-министр.

Кеңесте ағылшын тілін қарқынды және терең үйрету және қазақ әліпбиін латынға көшу бағдарламалары туралы президенттің тапсырмасына байланысты шаралар талқыға салынды. Қабылданған шешімге сәйкес, 15 желтоқсанға дейін мүдделі ведомстволар ағылшын тілін үйрету орталықтарын құру және республикадағы жалпы білім беретін мектептерде тереңдетіп оқыту бағдарламасын кезең бойынша енгізу жөнінде ұсыныстар берулері тиіс. Түркия, Өзбекстан, Әзірбайжан және Түркіменстан елдерінің латын әліпбиіне көшу тәжірибесін келесі жылдың 15 наурызына дейін зерттеп, жүргізілген ғылыми зерттеулерден кейін латын әліпбиіне кезеңмен көшуді анықтау жөнінде ұсыныстар енгізілуі керек.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті