Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, ӘКК өңірлердің экономикасын дамытуға көмектесу, жоғары технологиялық инвестициялық жобаларды жеке меншік инвесторлар мен мемлекеттің қаржылай қолдауымен іске асыру мақсатында құрылған болатын. ӘКК жаңа жобаларды іске асырудан басқа, қолданыстағы шығыны басым өндірісті жандандырумен, түскен кірістерді өңірлердегі әлеуметтік, экономикалық және мәдени жобаларға қайта инвестициялаумен айналысатын болады.
2007 жылы елімізде жеті ӘКК құрылды. Алты корпорация бойынша ұйымдыстыру кезеңі толық аяқталды. Қазіргі кезде ӘКК басшылары қолда бар мемлекеттік активтерді түгендеуді жалғастыруда және инвестициялық жобаларды қарауға кіріскен.
Кеңеске қатысушылар әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар жұмысы тиімділігінің өлшемдерінің тізбесін айқындауды ұсынды.
Кеңес жұмысын қорыта келе, премьер-министр барлық сын-ескертпені ескеріп, оны қайтадан пысықтап, ұсыныстарды келесі айда ӘКК мәселелері бойынша өтетін үкімет мәжілісіне енгізу туралы тапсырма берді.