Кеңесте атап өтілгеніндей, соңғы екі жыл ішінде ұлттық заңнама мен сауда-экономикалық саясатты іске асыру тетіктерін Дүниежүзілік сауда ұйымының талаптарына сәйкестендіру жөнінде едәуір көлемде жұмыстар жүргізілді. Қазақстан нарығына тауарлар мен қызмет түрлерін шығару жөнінде Түркия, Қытай және Пәкістан республикаларымен екі жақты келісімдердің аяқталғандығы туралы хаттамаға қол қойылды.
Қазіргі уақытта келісімдер процесі аясында Қазақстанның сыртқы сауда қызметін реттеуге, Қазақстан нарығына тауарлар мен қызмет түрлерін шығару жағдайына, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мәселесіне қатысты жүйелі мәселелер талқылануда.
Үкімет басшысы атап өткендей, бүгінгі күні Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өту процессі аяқталу сатысынан өтті. Оның айтуынша, бұл кезеңде Қазақстан экономикасының ұлттық мүдделерін ескеруге кеңінен жол ашатын, сондай-ақ ұйымға мүшелікке өту нәтижесінде пайда болатын экономикалық мүмкіндіктерді анағұрлым толық кәдеге жаратуға тырысу қажет.