Үкіметте Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастырудың жаңа қағидаттары талқыланды

Атап айтқанда, Ұлттық қордың жұмыс істеуінің техникалық мәселелері мен негізгі әдістемесі жөнінде пікір алмасылды.

Кеңес жұмысын аша отырып, үкімет басшысы жалпы Ұлттық қорды қалыптастырудың жаңа қағидаттарының енгізілуі бюджетті қалыптастыру қағидаттарын өзгертуге әсер етеді, үкімет үшін экономиканы әртараптандыруға және индустриялық-инновациялық стратегияны анағұрлым тиімді жүргізуге қозғау салатынын атап өтті.
Кеңес барысында атап өтілгендей, мемлекет басшысының жарлығымен мақұлданған Ұлттық қорды қалыптастыру және қаражатты пайдалану тұжырымдамасы орта мерзімді перспективада қор жұмысының ұйымдастырушылық, әдістемелік және технологиялық қағидаттарын айқындайды.
Сарапшылардың пікірі бойынша, тұжырымдамада ұсынылған бюджетке баланс жасау әдістемесі фискалдық саясат жүргізуге және болашақ ұрпақ үшін Ұлттық қорға қаражаттың бір мезгілде құйылуына мүмкіндік туғызады. Сонымен бірге, тұжырымдамада негізделген міндеттерді іске асыру бюджеттік және салық кодекстеріне, сондай-ақ өзге де қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге тиісті түзетулер енгізуді талап етеді.
Кеңеске қатысушылардың пікірлерін тыңдай келе, Үкімет басшысы Ұлттық қорды қалыптастырудың жаңа қағидаттарына өтудің нақты алгоритмін әзірлеу, сондай-ақ заңнамалық базаны жетілдіру мақсатында мүдделі мемлекеттік органдардан ведомствоаралық және тұрақты жұмыс істейтін жұмыс тобын құруға тапсырма берді.
Бүгінгі күні, Даниал Ахметовтың пікірі бойынша, жұртшылыққа, президентке және парламентке үкімет қызметін бағалауға мүмкіндік беретін нақты экономикалық тетіктер құрылуда. Осыған байланысты республикалық бюджетке тұжырымдамалық өзгерістер енгізумен қатар, 2006 жылғы 1 шілдеден бастап Ұлттық қорды қалыптастырудың жаңа қағидатына көшуді жүзеге асыру қажет,- деп атап өтті премьер-министр.