Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, маусым айының аяғында парламент "ҚР кейбір заңнамаларына Ұлттық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" заң мен парламент депутатарының бастамасымен жасалған "Қазақстан Республикасы аумағында жұмыс істейтін халықаралық және коммерциялық емес ұйым филиалдары мен өкілдіктерінің іс-қызметі туралы" және "Коммерциялық емес ұйымдардың іс-қызметіне қатысты кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу" жөніндегі заңдарды қабылдап, Елбасының қол қоюына берген.
Үкіметтік емес ұйым өкілдерінің пікірінше, бұл құжаттар еліміздің халықаралық міндеттемелері мен Конституцияның басты принциптеріне қайшы келеді. Бұл заңдарды қабылдау еліміздегі үкіметтік емес ұйымдардың бір бөлігінің жұмысын доғаруына алып келеді, делінген құжатта.
Үкіметтік емес ұйым өкілдері мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы ықпалдастыққа қатысты өзекті мәселелер бойынша ел басшылығын ашық диалогқа шақырады. Үкіметтік емес ұйымдар еліміздің тұрақты әрі қарқынды дамуына түрткі болу арқылы саяси, экономикалық және әлеуметтік проблемаларды мемлекетпен бірлесе шешуге әзірлік танытады, делінген хатта.