Қ.Тоқаевтың пікірінше, аталмыш заң жобаларының әсері аясына мемлекетаралық ұйымдар да енетін болды. Ал бұл дегеніңіз ЮНЕСКО, Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы, Бүкіләлемдік көші-қон ұйымы сынды БҰҰ жүйесіне енетін ұйымдар мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Қазақстандағы іс-қызметіне нұқсан келтіруі мүмкін. Соңғысына Қазақстан 2009-жылы төрағалық жасауға талпынып отырғаны белгілі.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, бір топ депутаттардың бастамасымен жасалған аталмыш заң жобалары бейресми ұйымдардың да наразылығын тудырғаны белгілі. Мәселен, үкіметтік емес ұйым өкілдерінің пікірінше, "бұл заң жобалары мемлекеттік мекемелердің азаматтық қоғамды жаппай қадағалауға алуға, Қазақстан азаматтарының негізгі құқықтары мен бостандықтарын негізсіз шектеу шараларын енгізуге түрткі болмақ". "Олар ерікті пікір білдіру мүмкіндігін шектеп, діни еркіндік пен бірлесу еркіндігі жөніндегі құқықты бұзып, бизнестің дамуына кері әсерін тигізеді".