Министрдің айтуынша, қазіргі жағдаймен жеті сарапшылық топ құрылып, оқыс оқиғаның себептерін саралап жатыр. В.Школьниктің айтуынша, қазір "аспаптар тіркемеген көп мөлшердегі метан қайдан шықты" және "метанның жарылуына апарып соққан от ұшқыны қайдан шықты" деген екі сауалға жауап беру қажеттігі туындап отыр.
Министр сондай-ақ үкіметтік комиссия жарылыстан қаза тапқан шахтерлардың отбасыларына материалдық көмек көрсету туралы шешім қабылдағанын хабарлады. "Ары кетсе 10 күннің ішінде ұжымдық келісімнің шарттарына сәйкес әрбір шахтердың 10 жылдық жалақысына тең жәрдемақы төленеді". В.Школьниктің айтуынша, үкіметтік комиссия мүшелері қара жамылған отбасыларға түгел хабарласып шықты. "Дүйсенбіден бастап әрбір отбасына адамдар келіп, арыз-өтініштерін жазып алады. Өтініштер толық қанағаттандырылады". Министрдің айтуынша, "қаза тапқан шахтердың әр баласы мектеп пен институт бітіріп, отбасындағы жұмысы жоқ барлық мүшелер жұмысқа орналастырылады. Қажет жағдайда отбасын басқа жаққа көшіру немесе баспанасын ауыстыру мәселелері шешімін табады".
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 5-желтоқсанда 3 сағат 15 минутта Қарағанды облысындағы "Шахтинская" шахтасында метан жарылысы салдарынан 23 адам мерт болды, үш адам жараланды. Алдын-ала болжам бойынша, жарылыс кенеттен метан шығу салдарынан болған.