Куәгерлер жарысып айтып жатқан жарылыстың себебі беймәлім, бірақ салдары көрер көзге ұрып тұр. Әлемдегі жолаушы тасымалдайтын ең ірі ұшақтың біріне баланатын Боинг-777 қалдықтары ен далада шашылып жатыр. Қаза тапқан 298 адамның да тәндерінде сау тамтық жоқ. Тонналаған темір-терсек көкте жарылғаннан қара жерге жеткенше тоқтаусыз жаныпты. Жолаушылар ұшағына қару кезенген сепаратистер деп мәлімдеді Украина президенті.
Петр Порошенко, Украина президенті:
-Лаңкестердің көшбасшыларының бірі ресейлік басшыларымен сөйлескенде, Боинг-777 ұшағын атып түсіргендерін мақтана айтты. Олар 298 адамның өлімін өздерінің жеңісі деп санайды. Бұл бүкіл әлемнің қауіпсіздігіне жасалған лаңкестік шабуыл деп санаймын.
Оқиға орнында қарауға тірі адамның дәті бармайтын марқұмдардың дене мүшелерінен бөлек құжаттар мен әуе билеттері табылды. Мұның барлығын тергеушілер дереу жинастырып алды. Ал Украина президентінің меңзегені түске таяу ғаламторға шыққан мына жазба. Мұнда сепаратистер көктен бір ұшақты атып түсіргендерін, оның азаматтық әуе көлігі екенін анық айтуда.
-Ну что у вас там?
–Короче, гражданский борт
–Понятно, а народу много?
–Да обломки прямо во дворы подали.
Боинг-777 Ресей шекарасына 60 шақырым жетпей Донецк облысындағы Грабово ауылының қапталына құлаған. Тіптен әуе кемесінің қалдықтары тұрғын үйлердің аулаларына да түсіпті. Ресей тарапы 298 адам отырған Боингті Украинаның әскери ұшағы атып түсірді деген. Бірақ апатты көзбен көрген куәгерлер Боинг-777-ге жерден шабуыл жасалғанын айтады.
-Үйде отырғанмын қатты жарылысты естідім. Екі рет жерден атылды. Ұшақ екі мәрте жарылды. Ауладан шығып қарасам, аспан қара түтін, артынша жерде тағы бір рет қатты жарылыс болды.
10 мың метрден құлаған Боинг-777 апат алдында ешқандай дабыл белгісін бермеген. Бұл шабуылдың тосыннан болғанын аңғартады дейді сарапшылар. Және мұндай биіктіктегі ұшақты атып түсіруге зенит-зымыран кешендері ғана қауқарлы. Ұшақ бортында болғандардың 15-і экипаж мүшелері. 154-і Голландия, 43-і Малайзия, 27-сі Австралия, 12-сі Индонезия, 9-ы Ұлыбритания, 4-еуі Германия азаматтары. Тағы 4 Белгия азаматы, 3 Филлипин және 1 Канада азаматы болған. Ал 41 марқұмның қай елден екені әлі беймәлім.
Нұржан Айтмаханов, ҚР СІМ ресми өкілі:
-Алдын- ала ақпараттарға сәйкес ұшақта Қазақстан Республикасының азаматтары болмаған. Бұл мәселені біз әрі қарай анықтаудамыз. Және қосымша ресми түрде ақпарат келіп түскен жағдайда сіздерді хабардар ететін боламыз.
-Ал апат орнынан табылған 2 қара жәшіктегі ақпарат оқылу үшін арнайы Орталыққа жіберілген. Құлаған ұшақ өткен айда ғана техникалық тексеруден өткен. Ұшқыштар да өте тәжірибелі екен. Сол себепті қаскөйлердің шабуылы деген жалғыз ілік қалып отыр. Айта кетейік, дәл осы Малайзия әуе компаниясының тағы бір Боинг-777 ұшағы осы жылдың наурызында Куала Лумпурден ұшып шығып, Тынық мұхитында жоғалып кеткен еді. Бортында 239 адам болған әуе кемесі әлі табылған жоқ.