Украина өз рыногына Қазақстан бизнесінің келуінен мүдделі - Ющенко

Кездесу кезінде екі жақты сауда-экономикалық қатынастар мәселесі талқыланды.

Тараптар Қазақстан мен Украинаның машина жасау, құрылыс және ауыл шаруашылығы тәрізді экономика салаларындағы ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды.

Виктор Ющенко екі жақты өзара іс-қимылды жандандыру қажеттігі туралы, сондай-ақ екі елдің бизнес қоғамдастығының ынтымақтастығын дамытуда Украинаның мүдделі екендігі жайындағы пікірін білдірді. "Біз Қазақстанның бизнес инфрақұрылымы украина рыногына қатысуына мүдделіміз",- деді Украина президенті.

Бұдан басқа, В. Ющенко Қазақстанның коммуналдық шаруашылықты басқару тәжірибесін оң бағалайтынын атап өтті. "Осы жылдар ішінде Қазақстанда коммуналдық шаруашылықта көптеген істер атқарылды және Украина сіздердің тәжірибелеріңізге қызығушылық танытуда",- деді ол.

Өз кезегінде, К. Мәсімов Қазақстан мен Украина президенттерінің келіссөздері барысында қол жеткізілген келісімдер бойынша тиісті тапсырма алғанын мәлімдеді. "Аталған мәселелер бойынша қазірдің өзінде жұмыс тобы құрылды",- деді премьер-министр.

Кездесу қорытындысында К. Мәсімов В. Ющенконы Украинаның Бүкілдүниежүзілік сауда ұйымына кіруімен құттықтап, аталған ұйымға Қазақстан Республикасының кіруі мәселесінде қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдірді.