Украинаның мемлекеттік ветеринария және фитосанитария қызметі елдегі құс етін өндірушілерді қосымша тексеріп шықпақ. Бұған Қазақстанның осы елде өндірілген тауық етін әкелуге тыйым салу туралы шешімі түрткі болып отыр.
«Қазақстанға жеткізу кезінде немесе кедендік рәсімдеу шаралары барысында өнімнің орамы мен температуралық режим сақталмаған болуы мүмкін. Осыған байланысты қосымша тексеру жүргіземіз», - деп хабарлайды Украина Аграрлық саясат және азық-түлік министрлігі.
Еліміздің Ауыл шаруашылық министрлігі аталған өнімдерді ветеринарлық-санитарлық тексеру барысында қауіпсіздік талаптарының бұзылғандығын анықтаған болатын.
Министрліктің мәліметінше, импортталған өнім құрамында ылғал өте көп. Сонымен қатар, онда мезофильдік аэробтық бактериялар мен факультативтік-анаэробтық микроорганизмдер, ішек таяқшалары көптеп табылған.