Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысында заң жобасын Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов таныстырды.
"Қазақстан мен Украина арасындағы экстрадициялау туралы шарт қылмыстық жауапқа тарту және сот үкімін орындау үшін адамдарды ұстау, беру мәселесін шешеді. Шарт бойынша жасалған қылмыс үшін екі елге де кемінде бір жыл бас бостандығынан айыру көзделген болса, немесе сотталған адамның өтелмеген мерзімі алты айдан көп болса, адам ұстап беріледі. Әрине, беруден бас тарту негіздері де көзделген. Мысалы, бір тарапта қылмыс деп саналатын әрекет екінші жақта олай болмаса, немесе қудалау мерзімі өтіп кетсе, сұралып отырған әрекет әскери қылмысқа жатса, ұстап беру егемендікке, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін болса, Қазақстанның заңнамасына немесе халықаралық міндеттемелерге қайшы келсе. Соңғы үш жылда Украина бізге өзіміздің алты қылмыскерді ұстап берді", - деді Марат Ахметжанов.
Оның айтуынша, қазір Украинада жасырынып жүрген бес Қазақстан азаматы бар. Оларды қайтару қаралып жатыр.
"Келісім стандарт негізінде жасалған. Осындай құжат 21 елмен бар. Жақында біз Малайзия, Грекия, Кипрмен қол қоюды жоспарлап отырмыз", - деп түйіндеді Марат Ахметжанов.
Аталған заң жобасы палатаның қарауына берілді.