Украинада саяси қарсыластар пәтуаға келді

Құжатта келіссөзге қатысушылар Украинадағы билікті мемлекеттің аумақтық біртұтастығын сақтап қалу үшін барынша күш жұмсауға шақырды. Бұл іске барлық саяси күштер, депутаттық фракциялар мен топтар жұмыла атсалысуы тиіс.

"Тараптар Жоғарғы Рададағы барлық саяси күштер, депутаттық фракциялар мен топтарды, басқа да мемлекеттік билік және жергілікті өзін-өзі басқару органдарын ел ішіндегі әлеуметтік-экономикалық ахуалды реттеуге, экономикадағы дағдарысты тоқтатуға бар күшін сарқа жұмсауға үндейді",- делінген құжатта.
Тараптар сондай-ақ сайлау заңнамасын өзгерту және саяси реформаларды жүзеге асыру қажеттігі туралы келісімге келді.
Сонымен бірге қалыптасқан ахуалға заңдық негіздеме беретін сарапшы топты жасақтауға уағдаласты.
Келіссөзге қатысушылар сондай-ақ күш қолдануға жол бермеу қажеттігі мен мемлекеттік мекемелерді айнала қойылған қоршауды тез арада тарату туралы ортақ позицияны растады.
Виктор Янукович, Виктор Ющенко мен Еуропалық делдалдар қатысатын дөңгелек үстелдің кезекті отырысы Украина Жоғарғы Радасының шешімінен кейін өткізілетін болды. Қазір Рада президент сайлауының қорытындысына келіспей отырған оппозиция жақтастарының шағымын қарап жатқаны белгілі.
Кездесуден кейін В.Ющенко В.Януковичтің жанына барып, екі үміткер қол алысты.