-Тынышы кеткен Украина қазір іргесін бүтіндей алмай басымен бас қайғы осылайша. Сәт сайын әр өңірде топтасып жиналған бүлікшілер жік шығарып жатыр. Қарулы қақтығыстан көз ашар емес ірі қалалар.
Қақтығыс қазір Краматорск қаласында күшейген. Кеше қас қарая арнайы жасақ отырған тікұшақ қону алаңына таяп келіп біраз кібіртіктіп қалған. Себебі сол, елдің түкпір-түкпірінен қару асынып келген сепаратистер ашық шабуылға шығып, әуе көлігін аэродромға қондырмай қойыпты. Артынша екі жақ бір-біріне оқ атқан. Куәгерлер кемі 11 адамның қаза тапқанын айтады, ресми билік ләм-мим деп тіл қатпады әзірге.
Бүгін Краматорск аэродромында бекінген әскерилерге қала тұрғындары қарсы шықты. Жұрт аэродромға кіріп-шығатын жолдардың барлығын тұрмыстық заттармен бекітіп тастаған. Тіптен шөлмектерге жарылғаш заттар дайындап қойыпты. Жағдайды бақылауға алу үшін орталықтан қосымша күш аттандырылған еді. Оны да бейбіт халықпыз деп келген бүлікшілер тоқтатып, 6 БТР-ді басып алған.
Қақтығыстар Славянск қаласында да жалғасуда. Бүгін мұндағы бассыздықты тоқтату үшін 500 сарбаз келді. Елдегі жағдайдың шектен шыққанын енді ұққан билік халықаралық қауымдастықтан жәрдем сұрады. Президенттің міндетін атқарушы Александр Турчинов БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мунға қоңырау шалып, Украинаға бітімгершілік әскерлерін кіргізуді өтінген. Әзірге олардың қандай шешім қабылдайтыны беймәлім.
-Жоғарғы Рада да елде төтенше жағдай режимін жариялау туралы ұсыныс тастады. Билік сондай-ақ бос қалған қазына мен шатқаяқтаған экономиканы да дереу қолға алуы тиіс. Әзірге қаржылай көмек қолын созуға уәде еткен Еуропалық Одақ қана. Брюссель Украинаға етек-жеңін жинап алу үшін 11 млрд еуро беруге дайын.