Украинадағы қақтығыс енді Қырым аймағында жалғасып жатыр

Украинаның жаңа Үкіметіне кіретін үміткерлер алдымен Майдандағы көпшілікке таныстырылды. Олардың ішінде қарашадан бері Виктор Януковичпен алысқан үш партияның тек екеуі ғана бар. Виталий Кличконың «Удар»-ы бұл бас тартыпты. Ал Министрлер кабинетін жасақтау Арсений Яценюкке жүктелген. Үкіметтің жаңа құрамын енді Жоғарғы Рада мақұлдауы тиіс.

Ал билікке қол жеткізген оппозиция Киевте ауыз-түйіспен айналысып жатқанда қақтығыстар Қырым аймағында ушыға түсті. «Елдің тұтастығы сақталсын» деген қырым татарлары мен Ресейге қосылуды көздеген «Орыс бірлігі» қозғалысы жаға жыртысып жатыр.

Ресейдің туын көтеріп, референдум өткізіп, еуроинтеграцияға қарсы шыққандар Қырым Жоғарғы кеңесінің ғимараты маңында баррикадалар тұрғызған.

- Мы — Донецк, Харьков, Крым, хотим в таможенный союз. Мы хотим в Россию. Мы не хотим жить с нацистами и фашистами в одном государстве

Бірақ Украина мен Қырым татарларының байрағын желбіреткен 20 мыңдық топ басымдыққа ие. Елдің «тұтастығы сақталсын» деп кішігірім қақтығыстар әр тұстан тұтануда. Жаппай төбелес пен аяқ астында қалған үш адам көз жұмды, 35-тен астамы жараланған. Қарсыластарды тәртіп сақшылары да тоқтата алмады.

Ал бүгін таңертен 30-ға жуық мұздай қаруланған белгісіз топ Қырым Парламенті мен Министрлер кеңесінің ғимаратын басып алды. Олар кез келген келіссөздерден бас тартуда. Ал әскердің басым бөлігін батысқа аударып жатқан ресейлік ауыр ұрыс техникасы Симферополь көшелерінде жүр. Президенттікке үміткер Виталий Кличко бұл арандатушылыққа көнбеуге шақырды.


Виталий Кличко, «Удар» партиясының жетекшісі:

-Автономиядағы жағдайды ұшықтыруға ұмтылғандардың жетегінде кетуге болмайды. Сондықтан сабыр сақтап, барлығын бейбіт түрде шешу қажет. Бұл Украинаның тұтастығы мен тәуелсіздігіне әсер етуі мүмкін.

Ал халықаралық іздеу жарияланған Виктор Янукович шекарадан асып, Ресей аумағында жүруі мүмкін деген болжам айтылуда. Оны Мәскеу түбіндегі шипажайлардың бірінде жүргенін кәсіпкерлер көріп қалыпты. Тек Ресей тарапы бұны жоққа шығармай, растай да қоймады.