- Атым Нұрлан.
-Лақап атым «Найман».
- Неге олай? Қазақтар үш жүзге бөлінеді. Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз болып. Мен Орта жүздің ішінде найманмын.
Семейде туып Екібастұз қаласында тұрған 26 жастағы Нұрлан Игенов деген азамат бұл. Ресейлік арналардан өліп жатқан адамдарды көріп Украин әскеріне қарсы соғысуға келгенін айтады. Міне, Калашников автоматын ұстап, Новороссия деген жазуы бар сепаратистердің киімін киіп алған. Ал мына суретте өзі секілді жан-жақтан келген қаруластырымен тұр.
- Қорқыныш бар ма?
- Өлімді ойласам қорқамын.
Нұрлан мамандығы бойынша журналист екен. Екібастұзда жергілікті радиода ди-джей болып істеген. Ал оны Донецкдегі бүлікшілер әскери тілші қылып ұрыс алаңына ертіп жүріпті. Кейін отандасымыз Украин армиясы бейбіт тұрғындарды қырып жатыр деген сарында бейнематериалдар әзірлеп, интернетке салып отырған.Кейін сол жазған өтірігіне өзі сеніп қалған сыңайлы.
Нұрлан Игенов:
- Мен барлығын түсінемін. Бұл менің таңдауымым. Бұл жерде қаланы күзетесің бе, әлде батальон құрамында болғың келе ме өз еркің.
14 минуттық бейнероликте жерлесеміз Донецкіде қалуға бекінген. Сондағы ойы тәуелсіз Украинаның Шығысын екіге бөліп бөліп, бүлікшілермен бірге Новороссия мемлекетін құру.
Нұрлан Игенов:
- Мен өз-өзімді жоғалтып алған адаммын. Осында келіп өзімді таптым. Шын айтамын.
Бүгін Нұрланның Астанада тұратын анасын таптық. Ол 26 жастағы ұлының Украинаға кеткенін білетінін,бірақ жеке шешіміне қарсылық таныта алмағанын айтты. Ал саяси көзқарасы қалыптасып үлгермеген жігіттің үгіт-насихатқа көзсіз сеніп, ақша емес, идея үшін бөгде мемлекеттегі соғысқа кеткені қынжылтады. Себебі Сирияға аттанып жатқандар да Нұрлан сияқты өзгелердің геосаяси мүддесі үшін жат жерде қаза тауып жатыр.
-Қазір бөгде мемлекеттегі соғысқа кеткен Нұрлан Игеновтың ісімен Ұлттық Қауіпсіздік комитеті айналысуда. Ғаламторды дүр сілкіндірген жазбаны тексеріп, екібастұздық жігіттің Украинаның Шығысына қалай кеткенін, кімдердің жәрдем бергенін шұғыл анықтап жатыр. Ал жерлесіміз Қазақстанға қайтарылған жағдайда 7 жылға түрмеге жабылуы мүмкін. Себебі заңға енгізілген өзгеріске сай, шетелдегі қақтығыстарға қатысқандарға осындай жаза қарастырылған.