Украиналық сайт қазақстандықтардың жеке деректерін таратқан

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Tengrinews.kz-қа сілтеме жасап хабарлайды.

Ғаламтор мен автоматтандырылған жүйелерді пайдаланып, жеке деректердің қорғалуына нұқсан келгені хабарланды.

"Бірлескен іс-қимыл нәтижесінде 200 миллионға жуық адамның, соның ішінде Қазақстан, Молдова, Белоруссия, Украина және ТМД азаматтарының жеке деректері заңсыз таратылған ірі веб-ресурстардың бірінің қызметі тоқтатылды", - делінген хабарламада.

Бұғатталған сайтта азаматтардың телефон нөмірлері, аты-жөні, тіркелген жерлері, ал кейбір жағдайларда көлік құралдарын пайдалануға байланысты көрсетілген әкімшілік қызметтер туралы ақпарат болған.

Бұл дерек бойынша Украина Қылмыстық Кодексінің 182-бабы ("Жеке өмірге қол сұғушылық") бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.


Бұған дейін қазақстандықтар сайттардағы, соның ішінде мемлекеттік сайттардағы, WhatsApp-чаттардағы дербес деректерінің таратылғанына шағымданған болатын.