Украиналықтар Сочиге ТМД шекаралық әскерлері қолбасшыларының кеңесіне келмеді

"Бүгін біздің отырысқа ТМД-ға мүше он елдің делегациялары қатысып отыр", деді Ресей Федералды қауіпсіздік қызметі Шекаралық қызметінің жетекшісі Владимир Кулишов отырысты ашқан кезде.

Ол атап өткендей, отырысқа Әзірбайжан, Армения, Белорусия, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, РФ, Тәжікстан, Түркменстан және Өзбекстан өкілдері қатысуда.

"Өкінішке орай,Украина шекаралық ведомство өкілдері бұл отырысқа қатыса алмады, келесі отырысқа қатысады деген сенімдемін", деді ол.

Ресей Федералды қауіпсіздік қызметі Шекаралық қызметінің ақпаратына қарағанда, 2013 жылы ТМД қатысушы елдердің шекаралық ведомстволары ТМД қатысушы елдердің сыртқы шекараларында заңға қайшы қызметтерге тойтарыс беру үшін бірлескен арнайы операциялар жүргізген.

Оның барысында мемлекеттік шекара туралы заңды бұзған 3 мыңнан аса адам, заңсыз 3 мыңнан аса мигрант, іздеуге берілген 87 тұлға, сондай-ақ террористік және экстремистік қызметке қатысы бар 4 адам ұсталған, 2 тоннадан аса есірткі заты, діни-экстремистік мазмұндағы 200 кітап, заңсыз ауланған 20 тоннадан аса балық, 230 шақырым балық аулауға арналған браконьерлік ау тәркіленген.