Ұшақ жарылғанға дейін ішіндегі жолаушылардың бейқам отырғанын қара жәшіктегі сақталып қалған дыбыс жазбалары көрсеткен. Экипаж мүшелері де жер бетіндегі байланыс қызметтерімен алаңсыз сөйлесіп отырыпты. Яғни, «Боинг-777» ешқандай техникалық ақаусыз өз бағытымен келе жатқан. Қара жәшіктегі жазба кенеттен болған жарылыстың дыбысымен үзіледі. Қара жәшікте сақталған бұл құнды мәліметтерді Малайзияның «New Sunday Times» басылымы жария етті. Естеріңізге салсақ, Амстердамнан Куала Лумпур қаласына қарай бағыт алған «Боинг-777» ұшағы Украинада атып түсірілген болатын. Экипажымен қоса есептегенде 298 адам ажал құшты. Жолаушылардың мәйіттері әлі де табылуда. Жақында олар да аты-жөндерін анықтау үшін сараптамаға жіберіледі.