Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты іс: қорғау тарабы прокурорға істі қайта тергеуге жіберуді сұрады

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Сот отырысы барысында пәтер иелері кооперативінің төрайымы Сәуле Жұбаниязованың адвокаты Дәурен Еслямбекұлы қылмыстық істі қосымша тергеу жүргізу үшін прокурорға қайтару туралы өтінішхат мәтінін мәлімдеді.

Қорғау тарапының пікірінше, сотқа дейінгі тергеу барысында маңызды мән-жайлар толық зерттелмеген. Атап айтқанда, Жұбаниязованың кінәсі, кінәнің нысаны, сондай-ақ оның әрекеті немесе әрекетсіздігі мен болған қайғылы оқиға арасындағы себеп-салдарлық байланыс толық анықталмаған.

Адвокаттың айтуынша, Жұбаниязова пәтер иелері кооперативінің төрайымы қызметіне тек 2025 жылдың мамыр айында келген. Оған дейін үйді ұзақ уақыт бойы бұрынғы төрайым Ахметова басқарған. Ол құжаттарды Жұбаниязоваға тапсыра отырып, ғимараттың жағдайы жақсы екенін айтқан.

— Менің қорғауымдағы Жұбаниязова пәтер иелері кооперативінің төрайымы болып 2025 жылдың мамыр айында тағайындалды. Оған дейін ұзақ уақыт бойы төрайым қызметін Ахметова атқарған. Жұбаниязова бұл үйді жобалауға немесе салуға қатысқан тұлға емес, мердігер де емес, авторлық қадағалау жүргізбеген және инженерия саласында арнайы білімі жоқ, — деді қорғаушы.

Қорғау тарапы іс жүргізу барысында да заң бұзушылықтар болғанын атап өтті. Адвокаттың сөзінше, Жұбаниязова сотқа дейінгі тергеудің басым бөлігінде куәгер мәртебесінде болған, ал күдікті ретінде іс қараудың соңғы кезеңінде ғана танылған.

Сонымен қатар, қорғау тарабы іс материалдарындағы бірқатар хаттамалардың рәсімделуінде кемшіліктер бар деп санайды. Атап айтқанда, кейбір тергеу әрекеттерінің жүргізілген уақыты көрсетілмеген және қорғаушының қолы қойылмаған.