Үлескерлер мен құрылыс компанияларының арасында жасалған келісім заң талаптарына сай келмейді - Риэлторлар қауымдастығы

"Ұлттық риэлторлар қауымдастығы Алматы мен Астанада жұмыс жасайтын құрылыс компанияларының барлығының дерлік қалыпты келісімдерін сараптамадан өткізді. Біз құрылыстағы үлестік қатысуды реттейтін заң талаптарына сай келетін бір де бір келісімді таба алмадық", - деді О. Алферов.

Оның айтуынша, үлескерлер қаражатын тарту лицензиясына бірінші болып қол жеткізген Алматыдағы тек бір компания ғана бұл қара тізімге ілінбеген. О. Алферов азаматтық кодекс пен "Тұрғын үй құрылысындағы үлестік қатысу туралы" заңға сәйкеспейтін олқылықтарды санап берді.

"Құрылысты салушы ғимаратты пайдалануға беруге рұқсат алғаннан кейінгі үлескерге берілетін үлес анықталмаған. Тұрғын үй ғимаратындағы үлескердің үлесін пайдалануға беру мерзімі анықталмаған. Әдетте, тұрғын үй ғимаратының пайдалануға беру мерзімі көрсетіледі. Ал үлескерге беру мерзімі көрсетілмеген. Заң бойынша құрылысты салушы тұрғын үйдегі үлескердің үлесін ол үйді пайдалануға беру туралы рұқсат алынғаннан кейін берілу актісі бойынша табыс етеді. Осылайша, заңға томпақ келетін мұндай келісімге сәйкес, үлескердің құрылысты салушыға шағым жасауға құқы жоқ", - деді О. Алферов.

Сонымен бірге, оның айтуынша, келісімде "құрылыс салушы үлескерден келісім бойынша алынған үлестік салымға өз қалауы бойынша иеленуге және пайдалануға құқылы" деген мәтін жиі кездеседі. Ол да заңға тікелей қайшы болып келеді.

Сондай-ақ, ол құрылысшылар өз жобаларында "пайдалануға берілген үлескерлердің аумақтарын жоспарланған табыстау уақытында үлескер келмеген жағдайда табыстау жүзеге асқан болып есептеледі" деген пункттің болуына жол беретінін хабарлады. "Сәйкесінше, егер сізге құрылысты салушы қандай да бір жылдың 1 қаңтарында пәтерді аласыз деп, алайда сіз нысанға бара алмасаңыз, бұл проблема сіздікі болып есептеледі", - деді О. Алферов.

Риэлторлар қауымдастығының өкілінің пайымдауынша, бұл -құқықтық сауаттылық мәселесіне қатысты.

Бұрын хабарлағанымыздай, мемлекеттік органдар мен қоғам назарын алданған үлескерлер проблемасына аудару үшін "Верный.KZ", "Алматыинвестстрой", "Куат" және т.б. компаниялардың үлескерлері бірнеше мәрте әртүрлі акциялар өткізген болатын.