Үлкен Алматы көлінен Өзбекстан азаматы өлі табылды

14 тамызда Еңбекшіқазақ ауданы полиция бөліміне Қайназар ауылдық округінің аумағындағы ҮАК су арнасынан ер адамның мәйіті табылғаны туралы хабарлама келіп түскен, деп хабарлайды Caravan.kz медиа-порталы  polisia.kz-ке сілтеме жасап.

«Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігі (Кісі өлтіру) бойынша полицияда тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Тергеу іс-шарасы кезінде қаза тапқан адамның жеке басы анықталды, ол Өзбекстан Республикасының 26 жастағы тумасы болып шықты. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері 1984 жылғы күдіктіні анықтап, ұстады. Ол жауап алу кезінде өз кінәсін толық мойындады», – деді Алматы облысы полиция департаментінің бастығы Бауыржан Әленов.

Қазіргі уақытта сот-медициналық сараптама тағайындаумен барлық қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Ұсталған адам заңнамада белгіленген тәртіппен қамауға алынды. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейді.