«Үлкен сегіздік» «Үлкен жетілікке» айналды. Сөйтіп, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия, Жапония және Канада басшылары Брюссельге жиналды. Ресей Қырымды өзіне қаратқаны үшін осы жиынға қатысу құқынан айырылды. Мәскеу мұндай саммиттен 17 жыл ішінде бірінші рет шеттетіліп отыр. Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – Украинадағы ахуалды тұрақтандырып, Еуропа мен Ресей арасындағы қарым-қатынасты реттеу. Жиын барысында Германия канцлері Ангела Меркель мен АҚШ президенті Барак Обама Мәскеуді Украинаның шығысындағы сепаратистерге қару-жарақ тасымалдап отыр деп айыптады. Енді Ресей бұл сыннан қорытынды шығаруы тиіс.
Ангела Меркель, Германия канцлері:
-Біз Украинаға қолдан келгенше көмек беріп, қолдағымыз келеді. Ресеймен келіссөздер жүргізіп, бұл мәселені шешуге тиіспіз. Егер Путин мұндай қадамға бармаса, кезекті санкцияларды саламыз.
Алпауыт елдердің жиынында Украинадан бөлек, әлемдік саясат, халықаралық экономика, сондай-ақ, Еуропаны жаулаған жұмыссыздықпен күресу мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Ал Брюссельде «Үлкен жетіліктің» саммиті өтіп жатқанда, жиыннан шеттетілген Путин, француз журналистеріне сұхбат беріп, Украинаға қатысты пікірін білдірді. Сондай-ақ, «Украина шығысындағы ресейшілдерге қару-жарақ жеткізді» деген айыптауды жоққа шығаруға тырысты.
Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:
-Егер бізді олай айыптаса, нақты дәлелдерін келтірсін. Ал Украинадағы жағдайды реттеу енді Порошенко мырзаның қолында. Оның ел ішіндегі жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндігі бар.
Ал Украинаның жаңадан сайланған президенті Петр Порошенко Барак Обамамен кездесіп, одан әскери көмек сұрады. Саммитке дейін өткен кездесуде АҚШ президенті Киевке қолдау көрсететінін мәлімдеді. Бірақ Украинадағы дағдарыс пен бүлікшілердің белсенділігі қай уақытқа дейін жалғасатыны белгісіз.