Ұлттық банк қазақстандықтарға ескерту жасады

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

"Қаскөйлер мессенджерлерде Қазақстан Ұлттық Банкі немесе өзге мемлекеттік және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жалған аккаунтын пайдаланады. Ал профиль шынайы көрінуі үшін жалпыға қолжетімді дереккөздерде, оның ішінде ведомстволардың ресми ресурстарында орналастырылған суреттер мен эмблемаларды қолданады", - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, алаяқтар өздерін мессенджердің техникалық қолдау қызметінен деп таныстырып, азаматтарға аккаунтын жоюға өтініш беру туралы хабарлама жібереді. Бұл шешімнің күшін жою үшін азаматтарға сайтқа өтуді ұсынады. Онда өз телефон нөмірін көрсетіп, хабарламада көрсетілген бір реттік кодты енгізуді талап қылады. Осылайша, олар аккаунтқа иелік етіп, пайдаланушыны бұғаттайды.

"Содан соң қаскөйлер жалған немесе бұзылған аккаунттарды пайдалана отырып, бұрынғы иесінің туыстары мен таныстарына хат жазады және түрлі сылтаумен ақша аударуды, сілтемеге өтуді, қосымшаны жүктеуді, мессенджерде жаңа функцияларды іске қосуды немесе жеке деректерін хабарлауды сұрайды".

Бұдан бөлек, алаяқтар жалақысы жоғары перспективалы жұмыс туралы хабарламалар таратады немесе қоғамдық орындарда QR-кодтар жариялайды. Пайдаланушы көрсетілген сілтемеге өткен кезде олар сол мезетте мессенджерге, мобильді құрылғыға немесе дербес деректерге қол жеткізеді, делінген хабарламада.

"Ұлттық Банк азаматтарды қырағы болуға және жасырын ақпаратты үшінші тұлғаларға хабарламауға, мессенджердегі күдікті хабарлар мен телефон қоңырауларына сенбеуге, сұратулардың түпнұсқалығын қайта тексеруге және ақша аударымдарын жасамауға, күмәнді сілтемелер мен файлдарды ашпауға, сондай-ақ HopToDesk, RustDesk, RUDesktop, AnyDesk, TeamViewer және т.б. қашықтан қол жеткізуге арналған қосымшаларды орнатпауға шақырады".