Экономикалық саясат институтының директоры, Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі Қайырбек Арыстанбеков Президент Жолдауының Ұлттық қор қаражатына арналған тұсының мәнін түсіндірді.
«Ұлттық қордың екі стратегиялық функциясы бар. Біріншісі – қысылтаяң заманда тұрақтандыру. Екіншісі – келер ұрпақтың игілігіне қаражат жинақтау. Өкінішке қарай, біздің Ұлттық қордың көбею жылдамдығын басқа елдермен салыстырсақ, өте төмен. Бұл енді Ұлттық банк пен Қаржы министрлігіне қойылатын сұрақ, басқарып отырған солар. Мысалы, Норвегияның ұлттық қорының жылдық табысы біздікінен екі есе көп.
Оның айтуынша, қазір Ұлттық қор қаражатының бір бөлігі шетелдік құнды қағаздар сатып алуға, акциялар мен облигацияларға, деривативтерге салынған.
«Оның пайызы төмен, яғни Ұлттық қор ақшасына қай компанияның акциясын сатып алсақ, соларды байытып отырмыз деуге болады. Шетелдік қаржы институттарына қызмет етпеуі керек деп осыны меңзеді деп ойлаймын», - дейді экономист.
Қайырбек Арыстанбеков Ұлттық қордың ақшасын түгел ішкі экономкаға салу мүмкін емес екенін де айтады.
«Ұлттық қордың бір бөлігін жұмсау деп бекер айтып тұрған жоқпын. Қордағы бүкіл ақшаны экономикаға салу деген мүмкін емес. Өйткені бәрін экономикаға салсақ, макроэкономикалық тәуекелдер туындауы мүмкін. Олай болмау үшін экономикамыздың Ұлттық қордың қанша ақшасын қорыта алатынын, ол шамамен қанша сома екенін есептеп шығару керек. Қорыту қабылетінен көп ақша салынса, инфляцияның өршуі сияқты көптеген кері әсері пайда болуы мүмкін.