Ұлттық қорды қалай тиімді жұмсау керек? Экономист пікірі

Экономист Айбар Олжаевтың пікірінше, капиталды сақтаудың ең тиімді жолы – оны көбейту және болашақта экономикалық әрі қоғамдық қайтарым беретін активтерге бағыттау. Caravan.kz медиа порталы жалғастырады. 

«Ұлттық қор қаражатын жұмсау мәселесінде негізгі өлшем – бұл ақша елдің ертеңгі әлеуетін арттыра ма, жоқ па деген сұрақ болуы керек», – дейді экономист.

Оның айтуынша, мектептер, ауруханалар мен емханалар, инженерлік желілер, су және энергетикалық инфрақұрылым, жолдар мен логистикалық нысандарды тек бюджет шығысы ретінде қарастыру дұрыс емес. Мұндай жобалар экономиканың ұзақ мерзімді өнімділігіне әсер ететін капиталдық активтерге айналады.

Мәселен, жаңа мектеп салу адами капиталдың сапасын арттырса, аурухана мен емханалардың құрылысы халықтың денсаулығы мен еңбек өнімділігіне оң әсер етеді. Ал су, электр және көлік инфрақұрылымын дамыту белгілі бір өңірге бизнестің келуіне, жаңа өндірістердің ашылуына мүмкіндік береді.

Яғни мұндай инвестициялардың қайтарымы тек тікелей қаржылық табыспен өлшенбейді. Оның нәтижесі экономикалық өсімнен, жаңа жұмыс орындарының ашылуынан, салық базасының кеңеюінен және халықтың өмір сапасының жақсаруынан көрінеді.

Экономист Ұлттық қор қаражатын пайдалану мәселесінде уақыт факторын да ескеру қажет деп санайды. Оның айтуынша, инфляция әсерінен ақшаның сатып алу қабілеті біртіндеп төмендейді. Мысалы, шартты түрде он жыл бұрын 10 млн долларға салуға болатын инфрақұрылым нысанын дәл сондай көлемде бүгінде сол қаржыға салу мүмкін болмауы ықтимал. Себебі құрылыс материалдары, техника, еңбек күші мен логистика құны қымбаттайды.

«Егер қажетті мектептерді, ауруханаларды немесе инженерлік инфрақұрылымды тек жыл сайынғы бюджет мүмкіндігіне қарай кезең-кезеңімен сала берсек, кейбір жобаларды толық аяқтауға ондаған жыл кетуі мүмкін. Ал сол уақыт ішінде халық саны өсіп, қалалар кеңейеді, инфрақұрылымға деген сұраныс одан әрі артады», – дейді Айбар Олжаев.

Сондықтан оның пікірінше, Ұлттық қор қаражатын пайдалану жөніндегі пікірталаста «қанша ақша жұмсалды?» дегеннен гөрі, «сол қаражаттың орнына қандай актив пайда болды?» деген сұрақ маңызды.

Егер Ұлттық қордан бөлінген қаржы ағымдағы тұтынуға, тиімділігі төмен шығындарға немесе экономикалық қайтарымы жоқ жобаларға жұмсалса, бұл қордың әлеуетін әлсіретеді.

Ал қаражаттың орнына ондаған жыл бойы қызмет ететін мектеп, аурухана, электр желісі, су құбыры, жол, логистикалық немесе өндірістік инфрақұрылым пайда болса, қаржылық активтің бір бөлігі нақты ұлттық активке айналады.