Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
18 жастағы Әзиз Қызылорда облысы Сырдария ауданында дүниеге келген. Бала кезінен домбыраға әуес болып өскен ол мектеп қабырғасында алғашқы ұстазы Гүлназ Сералиевадан күй өнерінің әліппесін үйренеді. Кейін Қызылорда қаласындағы Қазанғап атындағы музыкалық жоғары колледжінде білім алып, ұстазы Жансұлтан Жұмабектен күйшілік шеберлігін шыңдайды.
Фото: Ұлттық ұлан
Бүгінде ұландық жүзге жуық күйді жатқа біледі. Оның орындауында қазақтың әйгілі күйлері — «Сарыарқа», «Серпер», «Ақсақ киік», «Төремұрат», «Байжұма» сынды туындылар ерекше әсер қалдырады. Әзиздің айтуынша, танымал күйлердің басым бөлігін ол нота арқылы меңгерген.
— Домбыра мен үшін халқымыздың мәдениетін, салт-дәстүрін айқындайтын қасиетті мұра. Әскер қатарында жүрсем де, «Сыр елі, жыр елі» деп ерекшеленетін Сыр күй мектебі өкілдерінің ізін жалғап жүргеніме қуаныштымын, — дейді қатардағы жауынгер.
Фото: Ұлттық ұлан
Қазіргі уақытта Әзиз әскери бөлімнің құрамында Алматы қаласының қоғамдық тәртібін қамтамасыз етіп, азаматтардың қауіпсіздігін күзетуде. Ал бос уақытында қаруластарының өтінішімен домбырасын қолына алып, өзі білетін күйлерді тамылжыта орындап береді. Оның әсерлі орындауындағы күйлер сарбаздардың көңіл-күйін көтеріп, жауынгерлік рухын арттыра түседі.
Фото: Ұлттық ұлан
Ұлттық ұлан қатарында әскери қызметін өтеп жүрген жастардың арасында осындай өнерлі азаматтардың болуы ұлттық мәдениеттің сабақтастығын көрсетеді. Домбыраның қоңыр үні арқылы Әзиз Темірбек қасиетті өнер тінін үзбей, қазақтың ғасырлардан жеткен күй дәстүрін жаңа буынға жеткізудің жарқын үлгісін танытып келеді.