Ұлттық әліпби – тіл тәуелсіздігі мен тіл тазалығының кепілі

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі БҚО филиалының төрағасы, БҚИТУ доценті

           Елімізде басталған қазақ жазуы реформасының басты мақсаты тілдің табиғи заңдылығы үндесімге негізделген, туған тілді өзге тілдер ықпалынан қорғайтын ұлттық әліпби қалыптастыру деп түсінеміз.   Басты мәселе - күні бүгінге дейін тілімізде қолданылып келген қосамжар орфографияға, емле жүйеміздегі тіл бұзар жат тілдік ережелерге қатысты болып отыр.

       Тіліміздегі осы «тіл бұзар ережелерден»  тек  жазу  әрпін  ауыстыру  арқылы  ғана емес, тұтас жазу нормалары мен қағидаттарына деген қалыптасқан көзқарастан арылу арқылы ғана құтыла алатынымыз анық.  Тіл табиғи болмысын сақтау үшін өзге  тілдің  ықпалына  түспей, өз заңымен өмір сүруі керек. Сондықтан да   жаңа қазақ әліпбиі қазақ тілі реформасына бастау бола алатын ұлттық әліпбиге айналуы керек деп есептейміз.

        Жақында Үкімет отырысында мақұлданған жетілдірілген әліпби жобасы мен белгілі фонетист-ғалым Ә.Жүнісбек ұсынған  әліпби жобасын осы міндеттер мен талаптар тұрғысынан салыстырып көрейік.   

          Біріншіден, қазақ тілінің төл дыбыстары (28) таңбаларынан ғана құралған Ә.Жүнісбек жобасы ұлттық әліпби  ұғымына толық сай келеді.  Бөгде тіл дыбыстарының әріптері әліпбиде жоқ, яғни тіліміздің қазіргі қосамжар айтылым-жазылым жүйесі түбегейлі өзгереді, қазақ тілі өз заңымен өмір сүруге мүмкіндік алады деген сөз. Ал жетілдірілген деп ат қойылған әліпбиді (31) ұлттық деп айту қиын. Бір айта кетерлік жай: жетілдірілген әліпби жоба авторлары қазір БАҚ-та жетілдірілген әліпби жетістігі ретінде «жаңа әліпбиде қазақ тілінің төл 28 дыбысы әріптері толық қамтылған» дегенді жаппай қайталауда. Бұл жаңалық па, жетістік пе? Қазақ тілінің төл дыбысы әріптері қазақ әліпбиінде болмағанда қай әліпбиде болады? Қазіргі кирилл әліпбиімізде де төл әріптеріміз түгел. Әңгіме төл әріптерден тыс жат тілдік дыбыс әріптерінде болып тұр ғой. Жетілген әліпби авторлары «42 әріптен 31 әріпке жеңілдеп қалдық» деп отыр. Неге бірден 28 әріпке жеңілдемедік?   Жат тілдік бір топ әріптердің әліпби құрамында (v -в, f - ф, i - и, h - х, h) қалдырылуының қандай ғылыми негізі бар? Бұл жазу жүйесіне ұлттық сипат беру мақсатына қаншалықты сәйкес және бұл жағдайда «кез келген бөгде сөзді өз тілінде жазуға икемді әліпбиді» қалай қалыптастырамыз?

          Қазіргі жазу жүйеміздегі қосамжар емлені жетілдірілген әліпбидегі жат тілдік әріптер арқылы жаңа емлеге апаратын болсақ, бұл әліпбиге ұлттық дегеннен гөрі қазақ-орыс әліпбиі  ұғымы сәйкес келетін сияқты. Сенбесеңіз, 2020 жылдың желтоқсан айында осы жетілдірілген әліпби негізінде ұсынылған  жаңа қазақ тілі емлесі жобасына көз салыңыз.  Жүздеген, мыңдаған бөгде сөздер бұрынғысынша орыс орфографиясымен жазыла беретіні көрініп тұр, әріп түрі өзгергенмен жазылым нормасы өзгеріссіз қалған. Мысалы: «banknot-банкнот, moderator-модератор,  onlain - онлайн, oflain-офлайн skrinşot-скриншот, barmen -бармен, blokbastеr-блокбастер, stepler-степлер, planşet-планшет (§97)».  Ал өзгертіледі, қазақ тілі заңына бағынады деген мына топ сөздердің жазылымы  таза қазақша ма әлде шала қазақша ма екенін өзіңіз шамалап қараңыз: мanövr-манөвр (§76), kvars - кварс,( §77), praporşik - прапоршік (§78), elevator - елеватор (§79),  glükoz-глүкоз (§80), völfram-вөлфрам(§96), Шынын айтсақ, бұл сөздерді қазақ тілі заңдылығын керісінше бұзып тұрған сөздер ретінде мысалға алуға болады. Осылай жол берсек, болашақта тіл бұзар жат сөздер легі өсе түсетіні де рас.

         Екіншіден, «бір дыбыс – бір әріп» қағидаты ұлттық әліпби жобасында толық сақталған, ал  «бір дыбыс – бір әріп» қағидаты жетілдірілген әліпби жетістігі деп құрастырушылар қанша айтса да, бұл жетілдірілген әліпбиде осы қағидатқа қайшы келетін тұстар бар. Нақты айтсақ, төл сөздерде қосар «ый, ій»  дыбыс тіркестерін бір  «i» әрпімен, «ұу, үу» дыбыс тіркестерін бір «u» әрпімен таңбалау ұсынылған. Ғалым пікіріне құлақ ассақ, бұл қазіргі кирилл жазуымыздағы басы артық, тіл табиғатына қайшы, керексіз ережелер екенін профессор Ә.Жүнісбек толық дәлелдегенін, сондықтан төл сөздерімізде сөз басында және дауыссыздардан кейін жазылып жүрген «и, у» әріптерін жуан, жіңішке буынды сөздерде «ый, ій, ұу, үу» дауысты-дауыссыз тіркесі түрінде жазу қажеттігі туралы шешуші сөзді академик Р.Сыздықова айтты деп ойлаймыз («Қазақ әдебиеті»,14.09.2018 ж ).

         Ұлттық әліпби жобасында Ақаңның ақ жолы бойынша бұл  мәселеге нүкте қойылған. Тіл дыбыстары тілдің бұлжымас заңына сәйкес айтылса, таңбалануы да сол заңға сәйкес болмақ. Оқытушыға да, оқушыға да тіл таныту, тіл тану үрдістері жеңілдей түседі.

         Шеттілдік сөздердегі «и,у» (сөз басында және дауыссыздан кейін) дыбыстарын «ый, ій, ұу, үу» әріптерімен жазсақ, шұбалаңқылыққа ұшыраймыз деген уәждер айтылуда. Өзге тілден алынған сөздерде бұл дыбыстарды  барлық жағдайда қос әріптермен жазу тіпті міндетті емес. Орыс тілінде (ал біз терминдерді осы тіл арқылы алып келдік) бұл әріптер (и,у) қос дыбыстарды емес, дара дауысты дыбыстарды таңбалайды. Сондықтан бұл дыбыс әріптерін қазақ тіліндегі ұқсас балама дауысты дыбыс әріптерімен берген дұрыс және бұл біздің жазу тарихымыз үшін жаңалық емес. Ертеректе тілімізге енген кірме сөздердің жазылымын қарайық. «Бәтеңке (ботинка), керзі (гирза), тұрба (труба), орыс (руский), әртіс (артист), кәрзеңке (корзина), кірпіш (кирпич), сот (суд), пұт (пуд), көшір (кучер),  шенеунік (чиновник), көпес (купец), бөтелке (бутылка) т.б.

        Үшіншіден, ұлттық әліпби жобасында әріптердің орналасуы мен төл дыбыстардың таңбалануы да тілдің басты заңы үндесімге негізделгендіктен әріптер мен арнайы белгілер буын таныту, сөз таныту қызметтерін атқарып тұр. Мысалы: жуан-жіңішке буын айтылымын білдіретін жұп дауыстылардың (a- ä, о- ö, u-ü, ı-і) қатар орналасуы тіл табиғатына тән.  Жетілдірілген әліпби жобасында керісінше айтылым-жасалымы мүлдем бөлек   дауысты дыбыс таңбасы мен дауыссыз дыбыс таңбасының қатар берілуі («ı- і» мен «i- й», «u-у» мен «ū- ұ, ü -ү»)  орналасуы сұрақ тудырады.

        Төртіншіден, ұлттық әліпби жобасы қабылданған түркі тілдес халықтарына ортақ әліпбиіне (1994) жақын болса, жетілдірілген әліпбиде жекелеген әріптерді таңбалауда керісінше алшақтық байқалып тұр. Ұлттық әліпби жобасында  жұп дауыстылар (I ı – ы, Ii – і және Uu – ұ, Ü ü -ү), сол сияқты  сонар «й, у» дауыссыздары таңбасы да ортақ әліпби үлгісімен  (Yy - й, Ww –у ) берілген.

Жетілдірілген әліпбиде тап осы таңбалар өзгеше берілген (дауыстылар жұптары: Yy-ы, Iı – і,  Ū ū –ұ, Ü ü –ү және сонарлар: İi – й, Uu –у).

        Бесіншіден, әліпби құрамындағы әріптер санын да салыстыруға болады. Әлңпбиде неғұрлым әріп аз болса, ол соғұрлым жазуға жеңіл деген ұғым бар.

Бұл жағынан да ұлттық әліпбидің артықшылығы анық.

         Ең бастысы, Ә.Жүнісбек ұсынып отырған ұлттық әліпби жобасы ХХ ғасыр басында ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының төте жазу әліпбиі  көрсеткен ақ жолды  бүгін жалғастыратыны даусыз. Белгілі тілші-ғалымдардың (Е.Қажыбек, А.Салқынбай, Б.Қапалбек т.б) бұл жобаны қолдап отырғаны да сондықтан. Қоғам болып қолдай алсақ, бұл ұлттық әліпби тәуелсіз қазақ ұлтының  ұлттық санасын да жаңа деңгейге көтеретіні, дүр сілкіндіретіні сөзсіз. Қазіргі қазақ қоғамына, әсіресе өзін қор, өзгені зор санайтын бодандық санадан ада жас ұрпағымызға  «менің тілім ешбір тілден кем емес, әлемнің барлық тілдерінен қазақ тіліне қызмет етуге келген сөздерді мен өз тілімнің дыбыстарымен айта аламын және жаза аламын» деген сенім қажет. Бұл осы тәуекел қадамды жасасақ, жат тілдің ықпалынан тынысы тарыла бастаған қазақ тіліне өз заңымен өмір сүруге мүмкіндік берер едік.

        Ал жетілдірілген әліпби қанша жетілсе де, таза тіл мен асыл емлеге бастау бола алмайтыны анық. Әліпби құрамында өзге тілдік әріптердің бір бөлігін алып қалып, тілге қиянат жасайтын жат тілдік ережені емлеге енгізіп отырсақ, бұл әліпби қалай ұлт тілін жарылқайды?  

            «Халықтың тілі – халықтың төлқұжаты. Мұны әрдайым есте ұстау керек. Біле білсек, ұлттық қа­уіпсіздік тілімізді қадірлеуден басталады» (ҚР Президенті Қ.Тоқаев, 20.05.2020 ж., «Егемен Қазақстан») Бүгін тарих ұлт пен ұлт тіліне даму мен өркендеуге жаңа мүмкіндіктер беріп отырғанда тіліміздің ата заңына өріс беру арқылы ғана біз тілімізді табиғи таза қалпында сақтап қала алатынымыз анық.   Әлі де кеш емес, «ұлт үшін деген ұлы істі» (А.Байтұрсынұлы) дұрыс жолға түсірейік, ағайын!


    

      Жаңа сын-сынаққа төтеп беру үшін, ең алдымен, ұлттық құндылықтарды қор­ғай білген жөн. Ана тілімізді, салт-дәстүрімізді, ұлттық сана-сезімді, қоғам­дағы татулық пен келісімді, береке-бір­лікті сақтай алмасақ, келер ұрпақ бізді кешірмейді. Әсіресе мемлекеттік тілдің мәселесі өте маңызды. Тіл – ұлттың тұғы­ры, ұрпақтың ғұмыры. Қазақ тілі қазақты әлемге таныта алады. Халықтың тілі – халықтың төлқұжаты. Мұны әрдайым есте ұстау керек. Біле білсек, ұлттық қа­уіпсіздік тілімізді қадірлеуден басталады.

20.05.2020 ж., «Егемен Қазақстан»

1 қосымша

Латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиі

(жетілдірілген нұсқа, 28.01. 2021)

Латын

кирилл

Әріп аты

Латын

кирилл

Әріп аты

1

Aa

Аа

а

17

Ŋ ŋ

Ңң

ың

2

Ä ä

Әә

ә

18

Oo

Оо

о

3

Bb

Бб

бы

19

Ö ö

Өө

ө

4

Dd

Дд

ды

20

Pp

Пп

пы

5

Ee

Ее

е

21

Qq

Ққ

қы

6

Ff

Фф

фы

22

Rr

Рр

ыр

7

Gg

Гг

гі

23

Ss

Сс

сы

8

Ǵǵ

Ғғ

ғы

24

Ş ş

Шш

шы

9

Hh

Хх (Һһ)

хы

25

Tt

Тт

ты

10

İ i

Йй (Ии)

ій

26

Uu

Уу

ұу

11

I ı

Іі

і

27

Ū ū

Ұұ

ұ

12

Jj

Жж

жы

28

Ü ü

Үү

ү

13

Kk

Кк

кі

29

Vv

Вв

вы

14

Ll

Лл

ыл

30

Yy

Ыы

ы

15

Mm

Мм

мы

31

Zz

Зз

зы

16

Nn

Нн

ны

   

 

 

 

Ұлттық әліпби  жобасы (Ә.Жүнісбек ұсынған жоба)

 

әріп

дыбыс

әріп

дыбыс

1

Aa

[а]

15

Nn

[н]

2

Ä ä

[ә]

16

Ŋ ŋ

[ң]

3

Bb

[б]

17

Oo

[о]

4

Gg

[г]

18

Ö ö

[ө]

5

Ǵǵ

[ғ]

19

Pp

[п]

6

Dd

[д]

20

Rr

[р]

7

Ее

[е]

21

Ss

[с]

8

Jj

[ж]

22

Tt

[т]

9

Zz

[з]

23

Ww

[у]

10

Уу

[й]

24

Uu

[ұ]

11

Kk

[к]

25

Ü ü

[ү]

12

Qq

[қ]

26

Ş ş

[ш]

13

Ll

[л]

27

I ı

[ы]

14

Mm

[м]

28

i i

[і]