Ұлттық банк теңгені арзан темірден соқтырған

Талай жылдан бері түрлі монета жинаумен айналысып жүрген  қарағандылық Сергей Перхальский елімізде шығатын әр тиынның салмағын да, сапасын да жақсы біледі. Ұлттық Банктің құйтырқы  әрекетін бұл жолы міне, мынадай тәсілмен байқаған. Әдетте ештеңге тартылмайтын 1, 5,10, және 20 теңгелік монеталар аяқастынан  магнитке жабысқақ бола қалған.

Сергей Перхальский, нумизматшы:

–Мұндай жағдайды 2013-ші жылғы үлгідегі номиналдардан байқадым. Мысалы, мынадай 1 тиындықтар бұрын магнитке жабыспайтын. Сыңғырлап дауысы да бөлек еді. Сыртынан қарасаңыз, түрі баяғыша. Ал,  құрамы мүлдем өзгергені байқалып тұр. 

Бұл темір ақшалар расымен де мына Өскемендегі теңге сарайынан шыққан. Жаңа валютаны басып қана қоймайды, көзін жоятын да осы жер. Бұған дейін мыс пен күміс сияқты металл қоспаларынан жасалып келген тиындардың құрамын аяқасты өзгертіп жіберген. Ұлттық Банктің тапсырысы бойынша. Былтыр 4 бірдей төменгі номинал:1,5,10 және 20 теңге, болаттан құйылыпты. Бұл металл тот баспаса да, қатты ыстықта тез балқиды, иілмесе де тез сынғыш келеді. Ал, Ұлттық Банк болса тиын құрамының өзгергенін растағанымен, оны қарапайым қолданушының білуі «міндетті емес» деп отыр.



Сапарбек Үмбетов, ҚР Ұлттық Банктің қолма-қол ақшамен жұмыс істеу Департаментінің бас маманы:

–Неге мына жаңадан шығып жатқан монеталар магнитке жабысады дейді. Өйткені, оның өзегі болаттан, сырты никель және мыстан қапталғандықтан ол магнитке тартылады. Ол жоғары технологияны қолданып, жасалған сапалы монеталардың бірі. Сондықтан, одан қорқып «қолдан жасалған жасанды монета» деп ойлаудың керегі жоқ. 

Бірақ бұған күманданған қаржы полициясы Ұлттық банкте тексеру жүргізіп жатыр. Тіпті, тиындардың қанша тиражбен шығарылғаны, қанша қаржы жұмсалғанын бүге-шігесіне дейін анықтамақ. Себебі майда тиындар  ешқандай ресми қаулысыз айналымға енгізілген.

-Сондай-ақ, банк  999 сынамалық алтыннан құйылған  инвестициялық  монеталарға да  арзан түсті  металл қолданған.  Тіпті, кейбірі фабрикадан дақпен, сапасыз  шыққан. Соған қарамастан,  олар  жұртқа қымбат бағамен  сатылыпты. Егер қаржы полициясының тексерісі осы былықты әшкерелесе, Ұлттық банктің лауазымды тұлғалары жауапқа тартылуы мүмкін.