Ұлттық банк төрағасы республика үкімет басшысының елімізде инфляцияны есептеу әдістемесін өзгерту қажет деген пікірімен келіспейді



"Принциптік тұрғыда инфляция мен тұтыну бағаларының индексін есептеу әдістемелерінің ешқайсысы да мінсіз болмайды. Дегенмен, Ұлттық банк қолданатын тұтыну бағаларының индексін есептеу әдістемесі Халықаралық валюта қорымен келісілген және халықаралық стандарттар мен тәжірибеге негізделген. Инфляция межеленген аядан шықты екен деп әдістемеге мін тағу - ауырған адамның дене қызуы көтерілгенін көрсетіп тұрған термометрді айыптаумен парапар",- деді Ұлттық банк басшысы. Оның айтуынша, үкімет статистика жөніндегі агенттіктен әдістемені өзгертуді талап ете алады. "Дегенмен, үкімет, Ұлттық банк және жергілікті билік мекемелері шешуге тиіс бұдан да маңыздырақ міндеттер көп",- деді Ә.Сәйденов.
Сонымен бірге Ә.Сәйденов : "үкіметте түрлі мәселелерге байланысты жұмыс топтарын құру сәнге айналып барады. Әрине, ағымдағы жұмысты ұйымдастырудың бұл жақсы түрі екені даусыз. Оған түрлі мекемелердің, соның ішінде Ұлттық банктің де мамандары шақырылады. Бірақ біз үшін осыншама сансыз топтарда жұмыс істеу қиындық тудыруда",- деді. Сонымен бірге Ұлттық банк басшысының пікірінше, "Халықаралық валюта қорымен келісілген және халықаралық стандарттар мен тәжірибеге сәйкес келетін, ұзақ жылдар бойы дәйектелген әдістеме" сынды маңызды мәселелер бойынша "бір айдың ішінде түбегейлі ұсыныстар дайындау мүмкін емес".
Ә.Сәйденовтың пайымдауынша, тұтыну бағаларының индексі жылжымайтын мүліктің бағасын көрсетуге тиіс. "Осынау айрықша маңызды баға көрсеткіші үкіметтің де, Ұлттық банктің де мониторингі аясынан шығып қала беруде",- деді ол.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті