Caravan Logo

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Мәсімовтың сұрағына жауап бере алмай қалды

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Мәсімовтың сұрағына жауап бере алмай қалды

Алматы қаласынан бейнебайланыс арқылы шығып, баяндама жасаған Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ғалымжан Пірматовты Премьер-министр тоқтатып: «Бір сәт тыңдаңызшы, маған алтын-валюта қорының жыл басындағы және қазіргі абсолютті көлемін айтып беріңізші?» - деп сұрады. «Шамамен, 27 млрд... Менде қазір нақты сандар жоқ», - деген кезде К.Мәсімов: «Сіз баяндама жасағанша біреу сізге нақты ақпарат берсінші. 2016 жылғы қаңтардың 1-і мен қазіргі көлемі қандай? Біз сізді тыңдап тұрмыз»,-деп тағы өтініш жасады. Ғ.Пірматов болса, баяндамасын аяқтап: «Назар қойып тыңдағандарыңызға рақмет!» - деп қоштасқандай болды. Осы кезде Үкімет мүшелері күліп жіберді. Премьер-министр де қайтқан жоқ. «Сонда да сізден алтын-валюта қоры бойынша сандарды білгім келіп отыр» - деп қайтадан өтініш жасады. Оған Ғ.Пірматов: «Иә, Кәрім Қажымқанұлы, дәл қазір менің жанымда ешкім жоқ. Мен...баяндап беремін» - деп жауап берді. Кәрім Мәсімов отырыс аяқталғанша тауып беруге тапсырамын деп оқталғанда Ғ.Пірматовты ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев құтқарып қалды. Оның қолында алтын-валюта қоры бойынша ақпарат бар болып шықты.

«Жыл басында 28,1 млрд. доллар болса, қазір 30,5 млрд. долларды құрап отыр», - дейді Қ.Бишімбаев. «Демек, 2 млрд. долларға артты», - дей келе, Премьер-министр Пірматов мырзаға келесі жолы дайын болуды тапсырды.