"Заң жобасының негізгі тәртіптерін мақұлдауды және Дариға Назарбаева басқаратын жұмыс тобына ҚР мәдениет, ақпарат және спорт министрлігімен, басқа да мемлекеттік құрылымдармен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып екі айдың ішінде БАҚ туралы заң жобасын жасап енгізу жөнінде тапсырма беруді ұсынамын",- деді Ұлттық комиссия төрағасы Болат Өтемұратов.
Комиссия мүшелері бұл шешімді бір дауыстан қолдады.
Ұлттық комиссияның мүшесі Дариға Назарбаеваның айтуынша, Қазақстан журналистерінің конгрессі әзірлеген БАҚ туралы заңның жобасы "еркін баспасөздің де, мемлекет алға қойған міндеттердің де, сондай-ақ, БАҚ-тармен ықпалдастықтың мүддесіне де бірдей қызмет етеді". Заң жобасы БАҚ саласын реттейтін заңнамадағы ақтаңдақтарды жойып, жалған жала жабу мен тіл тигізуді қылмыстық сипаттан айыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге заң жобасы экстремизм мен лаңкестікті насихаттауға тыйым салады.
Сондай-ақ, заң жобасында БАҚ жұмысын уақытша тоқтату негіздері реттеледі. Қоғамға үлкен қауіп төндіретін аса ауыр әрекеттерге барған жағдайда ғана сот немесе БАҚ қожайынының шешімімен ғана БАҚ жұмысын уақытша тоқтатуға болады. Сонымен бірге заң жобасында ақпаратты жоққа шығару талабы бойынша сотқа шағым түсірудің шектеулі мерзімі 1 жыл болып белгіленді.
"Заң жобасы кешікпей парламентке ұсынылады және біз оны қабылдау барлық БАҚ-тар үшін өркениетті заңдық негіздер қалыптастырады",- деді Д.Назарбаева.
Өз кезегінде ҚР мәдениет, ақпарат және спорт министрі Есетжан Қосубаев та заң жобасының БАҚ-тар, мемлекет және қоғам мүддесін тепе-тең ескереді, деп атап өтті. "Біздің министрлік Қазақстан журналистерінің конгрессі әзірлеген БАҚ туралы заңның жобасына оң қорытынды беруге дайын",- деді ол.