Ұлттық комиссия саяси реформалардың жалпыұлттық бағдарламасының жобасын қыркүйек айында таныстырады

"Саяси партиялардың, соның ішінде оппозициялық партиялардың ұсыныстарын ескеру негізінде жұмыс тобына саяси реформалардың жалпыұлттық бағдарламасының жобасын екі айда әзірлеп, комиссияның кезекті отысының қарауына ұсынуды тапсырамыз",- деді Ұлттық комиссия төрағасы.

Ұлттық комиссияның мүшелері саяси реформалардың бағдарламасын жалпыұлттық талқылау шараларын ұйымдастырды. Комиссия мүшесі, сенат депутаты Әбіш Кекілбаевтың айтуынша, комиссияның көшпелі отырыстары еліміздің 16 аймағының 11-інде болды. Жаздың аяғына дейін қалған 5 аймақта да көшпелі отырыстар ұйымдастыру көзделіп отыр. Талқылауға барлық мүдделі тараптар, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар қатысуда.
Оның айтуынша, "талқылау барысында халық мемлекет басшысының ақпан айындағы жолдауына толыққанды қолдау білдірді". Дәл осы жолдау саяси реформалардың жалпыұлттық бағдарламасына арқау етіп алынды, деді ол.
"Пікірталасқа қатысушылар саяси жаңартудың орындылығын биліктің жаңаша жұмыс істеу тетіктерін енгізуде асқан абайлық сақтау қажеттігімен байланыстырады. Және саяси реформаларды ретті әрі сатылы жүзеге асыруды құптайды",- деді Ә.Кекілбаев.
Оның айтуынша, бағдарламаны аймақтарда талқылау барысында "қоғам өкілдерінің басым бөлігі" президенттік институтты сақтап қалуды қолдады. "Мемлекеттік өкіметтің барлық тармақтарының үйлесімді жұмыс істеуін, билік органдарының халық алдындағы жауапкершілігі мен есептілігін қамтамасыз ететін президенттік билік вертикалін сақтап қалу ұсынылып отыр",- деді ол. Оның айтуынша, "мемлекеттік билік институттарын қалыптастыруға байланысты жауапкершіліктің басым бөлігін өкілетті билік тармағына жүктеу ұсынылуда".
Жалпыхалықтық талқылау барысында мемлекетті басқару және жергілікті деңгейде мемлекеттік институттарды қадағалау істеріне қоғамның қатысу деңгейі біртіндеп өсе түсуі қажет деген шешім қабылданды. Мұндай мүмкіндікке сайлау процедуралары мен барлық деңгейді мәслихаттардың ролін арттыру арқылы қол жеткізу көзделуде.
Ал Ұлттық комиссияның мүшесі, "Асар" партиясының жетекшісі Дариға Назарбаева түрлі саяси партиялар жобасын жасаған саяси реформалардың бағдарламасында "көптеген нақты әрі егжей-тегжейлі пікір қайшылықтары қалғанын" атап өтті. Ол барлық даулы мәселелерді жинақтап, барлық жақтарды бірдей қарағаттандыратын белгілі бір мәмілеге келу үшін оларды жан-жақты қарау қажет деген ұсыныс жасады.