Ұлттық орталық Баян Есентаева жайлы сұрақтың неліктен тестілеуге енгізілгенін түсіндірді

Ұлттық орталық Баян Есентаева жайлы сұрақтың неліктен тестілеуге енгізілгенін түсіндірді, - деп хабарлайды КТК.

Айта кетейік, 1 қаңтардан бастап жаңа форматқа өзгертілген сұрақ-жауапта Баян Есентаевамен қатар, талай әртіс-шоумендердің аты аталған екен. Ал қазақ тілі мен әдебиетінің орнын басқан "Оқу сауатылығы" пәнін осындай сұрақтармен толтырған Ұлттық тестілеу орталығындағылар болса жастарды шоуға тарттық деп отыр.

Сұрақ былай берілген: Сұхбат қандай мақсатпен алынды?
А) Ермек Тұрсыновтың кино туралы ойын білу үшін
В) Ермек Тұрсыновтың фильмдерін жарнамалау үшін
С) Ермек Тұрсыновты таныстыру үшін
Д) Отандық фильмдерге талдау жасау үшін
Е) Баян Есентаева мен Нұртас Адамбайға сын айтқызу үшін.

Атышулы продюсер мен комедиялық әртіс жайлы тест сұрақтары қазақ тілі мен әдебиетінің орнын басқан "Оқу сауаттылығы" атты пәннің ішінде жүр.
"Біз мұны білдік осындай болатынын. Биыл ұлттық бірыңғай тестілеуден өтетіндердің қызығушылығын көтеру үшін. Баян Есентаева мен Нұртас Адамбай туралы сұрақ та бар. Олар кинематография, кино саласы дамуы туралы өзінің ой-пікірін көрсеткен", - деп түсіндірді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов.
Ал небәрі 8 күннен кейін түлектерден тест тапсыруға өтініштер қабылдау басталады. Бұл сынақ бұрынғы сынақтан өзгерек болмақ. Мектеп бітірушілер міндетті үш пән - "Математика сауаттылығы", "Қазақстан тарихы" және осы шоу-бизнестен сауатын ашатын "Оқу сауаттылығы" пәндерінен, сондай-ақ өздері таңдаған екі пәннен сынақ тапсырады (КТК)