Ұлттық қор қаржысын қалыптастырудың жаңа тұжырымдамасына көшу жарты жылға созылады

"Бұл тұжырымдаманы қолданысқа енгізу нормативтік-құқықтық базаны былай қойғанда, бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер енгізуді талап етеді",- деді А.Дунаев. Мәселен, Бюджет және Салық кодекстеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет. Сонымен бірге министрдің айтуынша, "Ұлттық қорды толықтыру үшін ҚР қазынашылық мекемесіне жаңаша модуль енгізу қажет". "Егер біз биыл және келесі жылы тиісті өзгерістер енгізіп үлгерсек, жаңа тұжырымдамаға 2007-жылдың 1-қаңтарында көшеміз",- деді министр.

А.Дунаевтың айтуынша, Ұлттық қор қаржысын қалыптастырудың жаңа тұжырымдамасына сәйкес, мұнай секторынан түскен барлық кіріс Ұлттық қорға аударылып, бюджет орындалған соң мемлекеттің даму бюджетін жүзеге асыру бағыттындағы міндеттемелерін атқару үшін жыл бойына республикалық бюджеттің кіріс бөлігіне аударылып отырады. "Осындай себепке байланысты даму бюджеті мен Ұлттық қордан бөлінетін трансферттер өзара тең болуға тиіс",- деді ол. Осындай жағдайда үкімет орта мерзімді фискалық саясат шеңберінде техникалық тапшылықты қаржыландыра алады. Орта мерзімді фискалдық саясат аясында бұл тапшылық Жалпы Ішкі Өнімнің 1,5-2 процентін құрауы тиіс.
"Жаңа тұжырымдама Ұлттық қорды қалыптастыру жүйесінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етеді",- деді А.Дунаев. "Бүгінде мұнай саласы Жалпы Ішкі Өнімнің өсімі мен республикалық бюджет кірісінен қаншалықты үлес иемденетінін ғана анықтауға мүмкіндік бар, бірақ, жекелеген кәсіпорындардың Жалпы Ішкі Өнімнің өсімі мен республикалық бюджет кірісіне дәл қандай үлес қоса алатынын дөп басып есептеу мүмкін емес".
Қаржы министрі осы орайда тұжырымдамаға сәйкес Ұлттық қорға мұнай саласынан түскен кіріспен бірге "республикадағы жекешелендіруден, жер учаскелерін сатудан түскен және басқа да бір мәрте түсімдер де аударылатынын" еске салды.