Ұлттық қордың ақшасы сотталғандар мен шетелдегі мәдени шараларға жұмсалған – депутат

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Sputnik.kz-қа сілтеме жасап хабарлайды.

Сенат отырысында Үкімет пен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2021 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері қаралды.

Депутат Сергей Карплюк Ұлттық қордан бөлінетін қаржының заңға қайшы жұмсалып жатқанын атап өтті.

Айтуынша, 2021 жылы Ұлттық қордан бағытталған мақсатты трансферттің 55,7%-і Ұлттық қор қаражатын пайдаланудың заңнамалық шектеуіне сәйкес келмеген.

"Мәселен, Ұлттық қордан бөлінген мақсатты трансфертті сотталғандарды ұстауға – 2,3 млрд теңге, мәдениет нысандарын салу мен жөндеуге – 315 млн теңге (оның тек 10 пайызы ғана игерілген), әлеуметтік-маңызы бар және мәдени шараларға, соның ішінде шет елдерде мәдениет күндерін өткізуге – 2,5 млрд теңге бағытталғаны туралы фактілер кездеседі", - деді Карплюк.

Яғни, сенатордың сөзінше, "Ұлттық қордан ақша алатынымыз аздай, оны заңға қайшы пайдаланамыз". "Тиісінше Ұлттық қор өзінің негізгі жинақтаушы функциясын орындамай, дәстүрлі тұтыну режимінде тұр", - деді ол.


Бұдан бөлек, Карплюк пайдаланылмаған қаржыны Ұлттық қорға қайтару жұмысы да әлсіз екенін мәлімдеді.

Айтуынша, 2015-2021 жылдары аралығында пайдаланылмаған және Ұлттық қорға қайтарылмаған қаржы сомасы 72,3 млрд теңгені құраған. Оның ішінде 2021 жылдың қорытындысы бойынша – 60 млрд теңгеге жуық.