"Ұлттық құрамаға тренер-консультант болып кірсем бе екен": Ермахан Ибраимов Азия ойындарында алтын алмаған боксшыларды олимпиадаға дайындаудан дәмелі

Бұл туралы ол Руслан Бақытжанға берген сұхбатта айтты, деп хабарлайды Caravan.kz порталы.

"Мен де жанкүйер болдым, менің көңілімнен шыққан жоқ. 3 әлем чемпионы, экс әлем чемпиондары барды.  Бұл жарыста Өзбекстан құрамасынан кейінгі "жұлдызды құрама" Қазақстан еді. Керемет боксшылармен жасақталған еді. Жеребе тастау сәтті өтсін деп жатамыз ғой. Ол да сәтті өтті, кейбіріне сәтсіз болған шығар. Дегенмен де, мықты команда, мықты боксшы жеребеге де қарамайды. Аяғына дейін ұрып шығады",- дейді спортшы. 

Боксшы "Асланбек Шымбергенов пен жапониялық боксшының кездесуі әділетсіз болды" деген пікірмен келіспейтінін де жасырмады.

"Төрешілерден аздаған қателіктер болды. Қаншалықты мықты мамандар келгенін білмеймін. Екіншіден, Асланбек Шымбергенов болсын, Махмұд Сабырхан болсын баса-көтеп біздің жеңісті тартып алды, қатты қиянат жасады деп айта алмаймын. Менің бапкерім егер сенің қолыңды көтермесе, демек сен рингте жеңген жоқсың дейтін. Неге, Джалоловқа, Досматовқа әділетсіздік жасамайды. Мен жігіттерге "Азия ойындары төрешінің әділетсіздігі көп орын алатын орын, сондықтан ешқандай күмән болмайтындай айқын басымдықпен жеңіске жетіңдер" деп айтқанмын. Оны қаншалықты орындай алғанын өздеріңіз білесіздер",- дейді Ермахан Ибрамов.

Әлем чемпионы егер ұсыныс түссе, ұлттық құрамада қызмет етуге дайын екенін де айтты.

"Мен кейде ашуланып, ызаланып, Ұлттық құрамаға барып олимпиада ойындарына дейін тренер консультант болып кірсем бе деп ойлаймын. Мемлекет үшін, ел үшін, халық үшін барып, қастарында болуым керек пе деп ойлаймын. Бұл - министрдің құлағына алтын сырға болсын. Қазақ ұлтынан шыққан олимпиада чемпиондарының арасында ең үлкені мен екенмін. Кейбір комитетте әңгіме болып қалғанд, сіз ең үлкенісіз, жеңіс талисманысыз, үлкен жарыстарға барып балалардың алдында жарқырап  жүрсеңіз сізге қарап рух алар еді деп айтты. Бірақ, жеме-жемге келгенде, Азия ойындарына барарда бәрі қол бұлғап кете барды. Ұсыныс айтылмағаннан кейін, артынан жүгірген бала сияқты болмайын деп қала бердім", - дейді ол.